Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстанның экономикалық өсімі 6,5 пайызға жетті

14:36, 21 наурыз 2026

© Фото: Zakon.kz

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріне тоқталып, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерді атап өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысының айтуынша, күрделі геосаяси ахуалға қарамастан, Қазақстан тұрақты даму жолынан тайған жоқ.

"Былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Жалпы ішкі өнім 306 миллиард долларға жетті. Жан басына шаққандағы көрсеткіш алғаш рет 15 мың доллар болды. Бұл – ТМД елдері арасындағы рекордтық деңгей", – деді Президент.

Сонымен қатар еліміздің алтын-валюта қоры шамамен 74 миллиард долларға жетіп, Тәуелсіздік тарихындағы ең жоғары көрсеткішке көтерілген. Орталық Азияға тартылған шетелдік инвестициялардың 69 пайызы Қазақстанға тиесілі.

Президент шағын және орта бизнестің рөліне де тоқталды. Бүгінде оның ұлттық экономикадағы үлесі 40 пайызға жеткен. Ал азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 75,9 жасқа дейін артқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның әлемдегі экономикасы ірі 50 елдің қатарына қосылғанын және Халықаралық валюта қорының бағалауы бойынша жаһандық экономиканың дамуына үлес қосып отырған 25 мемлекеттің бірі екенін атап өтті.

"Еліміздің бірлігі мен халқымыздың табанды еңбегінің арқасында осындай нәтижелерге қол жеткіздік. Бірақ бұл жетістіктермен шектеліп қалуға болмайды", – деді Мемлекет басшысы.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!