«Қайғылы оқиғалар тоқтамай тұр»: депутат тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын ұсынды

16:01, 21 қазан 2026
MKZ: 1573622

© Фото: pexels

Депутат Айжан Аймағанова 2026 жылғы 21 қазанда Құрылтайдың жалпы отырысында Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін қандай шаралар қажет екенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Ол соңғы жылдары елімізде әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау бағытында маңызды қадамдар жасалғанын атап өтті. Атап айтқанда, жауапкершілік күшейтіліп, алдын алу тетіктері кеңейтілген.

"Алайда қайғылы оқиғалар әлі де болып жатыр. Соңғы бірнеше айдың өзінде қоғамды дүр сілкіндірген бірнеше оқиға тіркелді. 13 шілдеде Абай облысында 20 жастағы Дильназ Жұмағұлова денесіне салынған көптеген пышақ жарақатынан қаза тапты. 23 қыркүйекте Астанада бұрынғы күйеуі екі баланың анасы Жазира Адауованы өлтірді. Осы тұста маңызды сұрақ туындайды: қолданыстағы қорғау тетіктері зорлық-зомбылық жасалғаннан кейін шара қабылдаумен шектелмей, қауіпті алдын ала анықтап, қайғылы жағдайға жол бермеуге қаншалықты мүмкіндік береді?" – деді Аймағанова.

Депутаттың айтуынша, Қазақстанда мұндай қауіптің алдын алуға қажетті құқықтық негіз де, цифрлық мүмкіндіктер де бар.


"Ішкі істер министрлігі жекелеген өңірлерде "Электрондық қорғау аймағы" пилоттық жобасын әзірлеп, сынақтан өткізуі қажет. Сондай-ақ қауіп туралы хабар түскен кезде полиция қандай нақты шаралар қабылдауға тиіс екенін белгілейтін бірыңғай әрі міндетті іс-қимыл тәртібін бекіту керек. Қауіп туралы әрбір хабар және соған байланысты қабылданған шаралар цифрлық жүйеде автоматты түрде тіркелуге тиіс. Бұл әр хабар бойынша кімнің, қашан және қандай шара қабылдағанын нақты қадағалауға мүмкіндік береді", – деп түйіндеді депутат.

Еске салайық, 22 қыркүйекте сағат 20:00 шамасында Астана полициясына әйелге шабуыл жасалғаны туралы хабар түскен. Полиция қызметкерлері оқиға орнына дереу барған. Ер адамның әйелге пышақ жарақатын салғаны анықталған. Әйел алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!