Депозиттердің табыстылығы төмендеп жатыр: банктер қазанда салымыңызға қанша сыйақы төлейді

16:56, 21 қазан 2026
MKZ: 1573640

© Фото: сгенерировано с помощью ИИ

Қазақстан банктері Ұлттық банктің кезекті шешімін күтпей-ақ депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін төмендете бастады.

Соған қарамастан, кейбір салымдардың жылдық табыстылығы әлі де 20%-ға жуық. Жинақтан қанша табыс табуға болады және банктер қысқа мерзімді салымдарға неге көбірек сыйақы ұсынады? Толығырақ Zakon.kz материалында.

Пайыздар түсіп жатыр

Біз Қазақстандағы 14 банктің қолданыстағы ұсыныстарын талдап, салым мерзімі мен ақшаны пайдалану шарттарына қарай депозиттен қанша табыс алуға болатынын есептедік.

Алдымен салымшылар үшін көңіл көншітпейтін жаңалыққа тоқталайық. 2026 жылғы 23 қазаннан бастап екінші деңгейлі банктердің үздік бестігіне кіретін ірі банктердің бірі алты айлық депозиттің шарттарын айтарлықтай өзгертеді. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) 17,74%-дан 14,47%-ға, ал номиналды мөлшерлеме 16,4%-дан 13,6%-ға төмендейді.

ЖТСМ бойынша айырма – 3,27 пайыздық тармақ. Бұл алты айға 1 млн теңге салған адамның күтілетін табысы шамамен 15 мың теңгеге азаятынын білдіреді. Нақты сома сыйақыны есептеу және капиталдандыру тәртібіне байланысты.

Сонымен қатар осы банктегі үш айлық салымның ЖТСМ-і 19,5%, ал бір айлық салымдікі 18% деңгейінде қалады.

Яғни қалыптасқан жағдай мынадай: клиент ақшасын банкте неғұрлым ұзақ сақтауға дайын болса, оған ұсынылатын жылдық сыйақы соғұрлым төмен.

Жаңа шарттар 23 қазаннан бастап ашылатын және мерзімі ұзартылатын депозиттерге қолданылады. Ал қолданыстағы салымдардың бекітілген мөлшерлемесі шартта көрсетілген мерзім аяқталғанға дейін сақталады.

Ақшаны пайдалану еркіндігі артқан сайын табыс азаяды

Қазақстандағы 14 банктің депозит шарттарын 2026 жылғы 21 қазандағы жағдай бойынша салыстыру ең жоғары табыстылық салымшының жинағын қаншалықты еркін пайдалана алатынына тікелей байланысты екенін көрсетті.

Ең жоғары мөлшерлемелер мен оларды алу шарттары мынадай:

  • Салымды толықтыруға және одан ақша алуға болатын депозиттерде ең жоғары номиналды мөлшерлеме – 15,23%, ЖТСМ – 16,31%. Мұндай шарттар ақшаны 13 айға орналастырғанда ұсынылады.
  • Салымды толықтыруға болатын, бірақ ақша алуға болмайтын депозиттерде ең жоғары номиналды мөлшерлеме 18,09%-ға, ЖТСМ 19,5%-ға жетеді. Алайда мұндай жоғары табыстылық тек үш айлық салымдарға қарастырылған.
  • Салымды толықтыруға да, одан ақша алуға да болмайтын депозиттерде ең жоғары номиналды мөлшерлеме – 17,6%, ЖТСМ – 19,1%. Мұнда да салым мерзімі үш аймен шектеледі.

Осылайша, табыстылығы ең жоғары екі санаттың арасындағы айырма ЖТСМ бойынша небәрі 0,4 пайыздық тармақты құрайды. Бірақ ақшаны пайдалану шарттары айтарлықтай өзгеше.

Кейбір үш айлық депозиттер бойынша банктер 18%-дан 19,5%-ға дейінгі ЖТСМ ұсынады. Ал ақшаны екі немесе үш жылға салғанда жекелеген депозиттердің табыстылығы жылдық 7–11%-ға дейін төмендейді.

Мәселен, екінші деңгейлі банктердің бірінде толықтыруға болатын үш айлық депозиттің ЖТСМ-і 19,5% болса, дәл сондай 24 айлық салымдікі небәрі 8,23%-ды құрайды. Тағы бір банкте үш айлық жинақ салымының табыстылығы 18,85% болғанымен, ақшаны үш жылға орналастырғанда бұл көрсеткіш 11,3%-ға дейін төмендейді.

Мөлшерлеме төмендегенімен, нақты табыстылық артты

Депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелері жыл басынан бері төмендеп келеді. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәліметінше, 2026 жылғы қаңтар–тамыз аралығында халықтың теңгемен ашқан жаңа депозиттері бойынша орташа сараланған мөлшерлеме 15,3%-дан 14,6%-ға түскен.

Осы кезеңде Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі 18%-дан 16,25%-ға, яғни 1,75 пайыздық тармаққа төмендеген. Ал депозит мөлшерлемелері әлдеқайда баяу, небәрі 0,7 пайыздық тармаққа азайған. Инфляцияның төмендеуі бұдан да айқын: қаңтарда жылдық көрсеткіш 12,3% болса, тамызда 9,8%-ға, қыркүйек қорытындысында 9,3%-ға дейін баяулаған.

Демек, депозиттердің номиналды табыстылығы төмендегенімен, тұтыну бағаларының өсуі де баяулап, салымдардың нақты табыстылығы артқан.

Соның нәтижесінде халық банктегі жинағын көбейтуді жалғастырып отыр. 2026 жылғы қаңтар–тамыз аралығында жеке тұлғалардың салымдары 8,3%-ға өсіп, 30,5 трлн теңгеден асқан.

Өсімнің басым бөлігі ұлттық валютадағы депозиттерге тиесілі. Олардың көлемі 12,2%-ға ұлғайып, 24,7 трлн теңгеге жеткен. Ал шетел валютасындағы салымдар, керісінше, 5,6%-ға азайып, 5,9 трлн теңгені құраған.

Бұған дейін теңгенің нығаюы арқасында қазақстандықтардың шетелге сапар кезінде қанша қаражат үнемдей алатынын жазған едік.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!