«Іргетасының астында түк жоқ». Талғарда жаңа деген екі амбулатория құлағалы тұр

23:01, 19 қазан 2021
88

© Сурет: видеодан алынды

Алматы облысы, Талғар ауданында мемлекеттік бағдарламамен салынған екі амбулатория жарамсыз күйге түскен, деп хабарлайды zakon.kz КТК-ға сілтеме жасап.

2013-2014 жылдары қазынаның қыруар қаражатына тұрғызылған емдеу мекемелерінің қабырғасы қақырап құлаудың шақ алдында тұр. Апатты жағдайда тұрған екі бірдей аурухананың ұжымы басқа ғимаратқа уақытша көшіріліп, халықты ескі һәм тар жерде қабылдауға мәжбүр. Ал осы сиқы кеткен амбулаторияларды сенімгерлік басқаруға алған комания күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді бастап кетті.

Нұра ауылындағы бұл аурухана 2014 жылы пайдалануға берілген. Бірақ небәрі жеті жылдан кейін медициналық мекеме жарамсыз күйге түсті. Ғимараттың сырты бүтін болғанымен, мұнда ақ халаттылар науқастарды қабылдамайды. Өйткені аурухана апатты деп танылған. Қазір мұнда жөндеу жүргізіліп жатыр. Жұмысшылар осыған дейін қақыраған қабырғаны бұзып, қайта қалпына келтірмек. Емдеу мекемесі "350 дәрігерлік амбулатория және фельдшерлік пункт" атты мемлекеттік бағдарлама аясында бюджеттің 154 млн теңгесіне салынған. Сиқы кеткен медициналық мекемені былтыр сенімгерлік басқаруға алған А-Сlass Мedical компаниясы құрылыс жұмыстарына шұғыл кірісіп кеткенін жеткізді. Өйткені сапасыз соғылған нысан кез келген уақытта опырылып ортасына түсуі мүмкін екен.

Мэлс Белғожанов, А-Сlass Мedical компаниясының бас инженері:

Іргетасының астында түк жоқ. Еден отырып кеткен. Кәріздің барлығы мынаның астына кетіп жатыр. Қабырғасы ашылып кеткен. Сапа жоқ. Бұл жер түгел сейсмологияға сай емес. Дұрыс салынбаған. Біз мынаны жасамасақ, кез келген уақытта құлап кетуі мүмкін.

Ғимарат құлағалы тұрған соң аурухананың қызметкерлері бұрыңғы амбулаторияға уақытша көшірілген. Нұра ауылының тұрғындары жарты ғасыр бұрын салынған ескі әрі тар нысанда қысыла-қымтырылып медициналық көмек алуға мәжбүр.

Перизат Саттарбай, Нұра ауылының тұрғыны:

Бізге дұрысы болған жақсы ғой. Мына ескіде жылу жоқ. Жағдай жоқ. Жататын орын да жоқ. Жаңа ауруханада барлығы болды. Жақсы болған. Алты балам бар. Келсек, "анда бар, мында бар" дейді. Сонымен мына жаққа келуге мәжбүрміз.

Талғар ауданында мемлекеттің 101 млн теңгесіне салынған тағы бір амбулатория апатты жағдайда тұр. Бой көтергеніне 10 жыл да толмаған Белбұлақ ауылындағы медициналық мекеменің де қабырғасы қарыс-қарыс ашылып, ақ халаттылардың үрейін ұшырыпты. Ғимараттың сырты да сөгіле бастаған. Аталған аурухананың ұжымы да амалдың жоқтығынан басқа жерге көшуге дайындалып жатыр. Жалпы А-Сlass Мedical компаниясы осы ауданда ескісі мен жаңасын қосқанда 30-дан астам емдеу мекемесіне күрделі жөндеу жүргізбек.

Гүлжан Қойшыбаева, Талғар орталық аудандық ауруханасының баспасөз хатшысы:

Біз барлық нысанды қабылдап алғанда олардың жағдайы күрделі болды. Көбісі әбден ескірген. Арасында жаңалары да бар. Қазір барлық ғимараттарға күрделі жөндеу, қайта жаңарту және сейсможағдайын нығайту жұмыстары жүргізіп жатыр. Ал ауыл тұрғындары әзірге басқа ғимаратта уақытша емделуге мәжбүр. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Барлығы инвестордың қаражатына жасалады.

Ал шенеуніктер жұмысын шала атқарған мердігер компаниялар жауапқа тартылмайды деп қысқа қайырды. Облыстық құрылыс басқармасының бұл шарасыздығы мердігер компаниялардың оң жаңбасына келетіні сөзсіз. Олар "іс бітті, қу кеттінің" керін тағы келтірмейтіне ешкім кепілдік бермейді. Елімізде сапасыз құрылыстың сұрауы болмаса іс оңалмай, бұл саланың кері кететіні айдан анық.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!

Пікір