Иран мен Мысыр 2026 жылғы әлем чемпионатында ЛГБТ-матч өткізуден бас тартты

12:43, 11 желтоқсан 2025

© Сурет: pixabay

Иран мен Мысыр футболдан 2026 жылғы әлем чемпионаты аясында 26 маусымда Сиэтлде ЛГБТ қауымдастығына арналған "прайд-матчқа" қатысудан бас тартты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Белгілі болғандай, жеребе тартылмас бұрын Сиэтлдегі ұйымдастыру комитеті 26 маусымдағы ойынды жыныстық тақырыпқа арнауды жоспарлаған. Бұл арқылы қала өз инклюзивтілігін көрсетуді көздеген. Алайда жеребеден кейін дәл осы күні Сиэтлде Мысыр мен Иран ойнайтыны анықталды. Екі елде де ЛГБТ-ға қатысты заңдар өте қатаң, ал Иранда тіпті өлім жазасы қарастырылған.

Осыған орай, 9 желтоқсанда Мысыр футбол федерациясы ФИФА-ның бас хатшысы Матиас Графстремге жолдаған хатында "аймақтың мәдени, діни және әлеуметтік құндылықтарына, әсіресе араб және ислам қоғамдарына тікелей қайшы келетін әрекеттерді толықтай қабылдамайтынын" мәлімдеді.

Осы күні Иран футбол федерациясының президенті Мехди Тадж мемлекеттік телеарнаға берген сұхбатында "прайд-матч" өткізу жоспарын "белгілі бір топты қолдауға бағытталған ақылға қонымсыз әрекет" деп атап, Тегеран өзінің қарсылығын ФИФА-ға жеткізгенін айтты.

Бұған дейін алматылық "Қайраттың" өз алаңында "Олимпиакосқа" есе жібергенін жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!