ІІМ электросамокат жүргізушілері мен операторларына салынатын айыппұлдар туралы айтып берді

15:25, 18 желтоқсан 2025

© Фото: Zakon.kz

Қазақстанда электросамокаттарды пайдалану ережелерін бұзғаны үшін шамамен 29 мың адам жауапкершілікке тартылған. Бұл туралы 2025 жылғы 18 желтоқсанда Сенатта Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Оның айтуынша, электросамокаттарды пайдалану мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Алғашқы заңнамалық түзетулер қабылданып, белгілі бір нәтиже беріп жатқанына қарамастан, жыл басынан бері самокаттардың қатысуымен 372 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Аталған апаттар салдарынан үш адам қаза тауып, 385 адам жарақат алған.

"Бұл – өте маңызды мәселе. Ол қоғамда үнемі көтеріліп, азаматтардың алаңдаушылығын тудырып отыр. Қазіргі таңда самокат пайдалану ережелерін бұзғаны үшін шамамен 29 мың азамат жауапқа тартылды. Ал шерингтік компаниялардың өздеріне қатысты ешқандай жауапкершілік жоқ деуге болады. Көптеген шағым, ең алдымен, самокаттардың кез келген жерге тасталып кетуіне байланысты түседі. Олар автотұраққа да, жаяу жүргіншілер тротуарына да кедергі келтіреді. Біз жаз бойы коммуналдық қызметтердің орнына сол самокаттарды жинап, айыппұл тұрағына апаруға мәжбүр болдық, өйткені басқа шара жоқ", – деді Игорь Лепеха.

Оның пікірінше, қазіргі таңда адамдардың өз жауапкершілігі жеткіліксіз.

"Кез келген қызметте құқықпен қатар міндет те болуы тиіс. Қазір біз бұл саланы заңдастыруға тырысып жатырмыз, яғни шерингтік компанияларда тек құқық емес, нақты міндеттер де болуы керек. Атап айтқанда, сақтандыру және басқа да талаптар. Заңның осы бөлігі күшіне енуі үшін алты айлық өтпелі кезең қарастырылған. Кеше біз шерингтік компаниялармен кездесіп, осы мәселелерді талқыладық. Олардың жабдықтарын жетілдіруге мүмкіндігі бар. Дамыған елдерде бұл жүйе жақсы жұмыс істеп тұр. Мәселен, жылдамдықты шектеу, кейбір қоғамдық орындарға кіруді бұғаттау мүмкіндігі бар. Бізде де мұндай техникалық мүмкіндік бар. Осы бағытта жұмыс істесек, мәселе шешіледі", – деп толықтырды ол.

Игорь Лепеха заң нормасының оператордың техникалық бақылау жүргізе алу мүмкіндігіне негізделіп жасалғанын атап өтті.

"Егер техникалық мүмкіндік сигналдың болмауына немесе өзге себептерге байланысты іске аспаса, онда әкімшілік жауапкершілік те туындамайды. Бұл мәселені біз компанияларға кеше түсіндірдік. Сонымен қатар, 615-бапқа түзету енгізілді. Ол жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысының өзге де қатысушыларының жол қозғалысы ережелерін бұзуына қатысты. Енді "өзге қатысушылар" қатарына самокат жүргізушілері де қосылды. Бұл бізге оларды жолда құқықсыз жүру, тыйым салынған жерлерде қозғалу сияқты заң бұзушылықтар үшін жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді", – деді вице-министр.

Оның айтуынша, бірінші бөлігі бойынша 2 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл, ал екінші бөлігі бойынша 10 АЕК айыппұл көзделген. Бұл шаралар тек компания-операторларға ғана емес, самокат жүргізушілерінің өздеріне де қолданылады.

Сонымен қатар, заңға сәйкес электросамокаттардың орналасқан жеріне бақылау жасау міндеті шерингтік компанияларға жүктеледі.

"Технологияға терең барғым келмейді, бірақ бұл мәселе толықтай шешілетін дүние. Арнайы егжей-тегжейлі карта жасалып, оған белгілі бір аумақтар белгіленеді. Алдағы алты ай ішінде бұл жүйені тәжірибе жүзінде тексереміз: компаниялар оны жүзеге асыра ала ма, жоқ па – соны көреміз. Қажет болған жағдайда, нормативтік-құқықтық актілер деңгейінде реттейміз. Менің ойымша, алты ай ішінде олар бұл жүйені толық қалыпқа келтіре алады", – деп түйіндеді Игорь Лепеха.

Бұған дейін Сенаттың ЛГБТ-насихатына тыйым салу туралы заңды мақұлдағанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!