Гранттар жете ме? Ғылым және жоғары білім министрлігі балама мүмкіндіктерді түсіндірді

11:39, 16 сәуір 2026

© Фото: Zakon.kz

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова 2026 жылғы 16 сәуірде Мәжіліс кулуарында мектеп түлектеріне мемлекеттік білім гранттарының жеткіліктілігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Биыл мектеп түлектерінің саны рекордтық деңгейге жеткендіктен, журналистер барлық талапкерге гранттар жете ме деген сұрақ қойды. Вице-министрдің айтуынша, әрбір талапкердің жоғары білім алу мүмкіндігі қарастырылған.

"Осы мақсатта жоғары білім алудың жаңа тетіктері іске қосылды. Толық мемлекеттік гранттармен қатар, дифференциалды гранттар бар, яғни оқу құнының бір бөлігін мемлекет, бір бөлігін ата-аналар төлейді. Сонымен бірге "Келешек" бағдарламасы іске қосылды, ол бойынша ата-аналар екінші деңгейлі банктерде баласының атына арнайы шот ашып, оқуына қаражат жинай алады. Бағдарлама шарттары, оның ішінде жылдық сыйақы да қарастырылған", – деді вице-министр.

Сондай-ақ ол төртінші тетік ретінде жеңілдетілген білім беру несиелері енгізілгенін атап өтті.

"Жеңілдетілген білім беру несиесін Қаржы орталығы арқылы рәсімдеп, сол қаражат есебінен оқуға болады. Гранттар саны мен беру тәртібі өзгеріссіз қалады. Бірдей балл жинаған жағдайда "Алтын белгі" иегерлері немесе үздік аттестат иелері басымдыққа ие болады", – деді Гүлзат Көбенова.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!