FIFA жанкүйерлердің наразылығынан кейін 2026 жылғы әлем чемпионаты үшін арзан билеттерді сатылымға шығарды

16:47, 17 желтоқсан 2025

© Сурет: Instagram/fifaworldcup

Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) 2026 жылғы әлем чемпионатына әр матчқа 45 фунт стерлинг (шамамен 60 АҚШ доллары) тұратын жаңа, арзан билет санатын енгізді. Мұндай шешім ұйымға жанкүйерлер тарапынан билет бағасының тым қымбат екені туралы жаппай сын айтылғаннан кейін қабылданды.

Жаңа билет санаты турнир аясында өтетін 104 ойынның әрқайсысы үшін жалпы билеттердің тек 10%-ын ғана құрайды. Сонымен қатар, әр ұлттық құрамаға өз матчтарына стадион сыйымдылығының 8%-ы көлемінде арнайы квота бөлінеді.

FIFA-ға қатысты наразылық толқыны жанкүйерлер 3000–5000 фунт стерлинг (шамамен 4000–6650 доллар) тұратын билеттердің бағасына таңданыс білдіріп, ашық сын айта бастағаннан кейін күшейді.

Осы сынға жауап ретінде футбол басшылығы әр ойынға 45 фунт (60 доллар) тұратын жаңа, қолжетімді билет санатын сатылымға шығарды.

Бұл даудың ауқымы соншалық, оған Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер де араласты. Ол FIFA-ны бұдан да батыл қадамдарға баруға шақырды.


"FIFA-ның жанкүйерлер үшін билет бағасын төмендету туралы шешімін құптаймын. Бірақ кезінде өз құрамамның ойындарына бару үшін ақша жинаған адам ретінде, FIFA-ны билеттерді одан әрі қолжетімді етуге шақырамын", – деді Кир Стармер.

Алайда FIFA-ның бұл қадамы барлық жанкүйерге бірдей ұнай қойған жоқ. Кейбіреулер билет санаттары арасындағы баға айырмашылығы тым үлкен екенін және мүмкіндігі шектеулі жанкүйерлердің мүддесі ескерусіз қалғанын айтып, наразылық білдіруде.

Бұған дейін Мбаппе ПСЖ-ны сотқа беріп, 60 млн еуродан астам өтемақы алғанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!