Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика саласын түбегейлі жаңғырту қажеттігін айтты

11:43, 17 желтоқсан 2025

© Сурет: akorda.kz

Ақордада өткен салтанатты жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жұмысшы мамандықтары жылы аясында еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетіліп жатқанын атап, энергетика саласы мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады.

Президенттің сөзінше энергетика саласы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар сала. Тұрақты қуат көзі болмаса, қуатты мемлекет құру мүмкін емес.

Энергетика саласында қызмет ету – еліміздің дамуына үлес қосу деген сөз. Себебі сіздер атқарып жатқан жұмыстың игілігін еліміздегі әр отбасы, әр адам көреді. Әрбір үйге жарық пен жылу беру – жауапкершілігі зор жұмыс. Қажырлы еңбектеріңіз үшін баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы еліміздің өсіп-өркендеп келе жатқанына назар аударып:

"Біз экономиканы және инфрақұрылымды дамытуға баса мән беріп отырмыз. Заманауи өндіріс орындарын ашып жатырмыз. Еліміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Қазақстан болашақта толыққанды цифрлық ел болуға тиіс. Осы мақсатқа жету үшін ауқымды жұмыс қолға алынды. Астанада Халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылды. Жақында белгілі америкалық компанияның технологиясы бойынша жасалған суперкомпьютер іске қосылды. Жаһандық үрдістерге сай жаңа "дата-орталықтар" салынады, "бұлтты" инфрақұрылым қалыптасады. Әрине, мұның барлығы энергетика саласы үшін үлкен сынақ болмақ. Сондықтан осындай маңызды міндеттерді жүзеге асыру үшін энергетика саласын түбегейлі жаңғыртуымыз керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент соңғы алты жылдың қорытындысына тоқтала отырып:

"Cоңғы алты жылда электр энергиясын өндіру 16 миллиард киловатт-сағатқа артты. Бұл Қарағанды облысы сияқты өндірісі өркендеген аймақтың бір жылдағы қуат тұтыну көлемімен бірдей. Қазіргі кезде Қазақстанның электр энергетикасы жүйесіне жалпы қуаты 25 гигаваттан асатын 237 электр станциясы кіреді. Ал іс жүзінде қолданыстағы жалпы қуат көлемі – 21 гигаватт. Мемлекет жүргізіп отырған жүйелі шаралардың арқасында энергия нысандары мен инженерлік-коммуналдық желілердің орнықтылығы айтарлықтай күшейді. Өткен жылғы жылыту маусымында технологиялық ақаулар 27 пайызға қысқарды. Тоғыз жылу электр орталығы тәуекелдің "қызыл" аймағынан шықты, ал үш станция "жасыл" аймаққа өтті, – деді Президент.

Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев инфрақұрылымды қалыпты деңгейде ұстап тұру үшін "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасы іске қосылғанын еске салды:

"Соның нәтижесінде үш жыл ішінде тек кәсіпорындардың күрделі жөндеу жұмыстарына 900 миллиард теңгеден астам жеке инвестиция тартылды. Бұл жұмыстың қарқынын бәсеңдетпеу керек. Алдымызда сенімді әрі заманауи энергетика инфрақұрылымын қалыптастырып, экономиканың дамуына тиісті жағдай жасау міндеті тұр. Осы орайда Үкімет "Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту" жөніндегі ұлттық жобаны іске асыра бастады. Оның аясында 2030 жылға дейін кемінде 200 нысанға реконструкция жасалады, 86 мың шақырым желі жаңарады. Үкіметке еліміздің энергетикалық әлеуетін ұдайы арттыру міндеті жүктелді, – деді Мемлекет басшысы.

Бұл – Қазақстанның экономикалық дамуын одан әрі табысты жүзеге асыру үшін аса маңызды. Еліміз экспорттық әлеуеті зор энергетикалық державаға айналуы керек деп ойын жеткізді президент.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!