Әскерден грантпен оралған сарбаз IT мамандығын меңгеріп жатыр
© Сурет: Zakon.kz.
2022 жылы Әли Мұхаметжан Астана маңында орналасқан әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскери бөліміне мерзімді әскери қызметке аттанды. Ол әскердің жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік беретін жол болатынын сол кезде білген жоқ.
Бір жылдан кейін ол үйіне ата-анасын қуантқан жаңалықпен оралды: енді ұлының оқуына ақы төлеудің қажеті жоқ. Әли мемлекеттік білім беру грантын иеленіп, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне оқуға түсті.
Әскерден запасқа шығар алдында ол жақсы нәтиже көрсеткен сарбаздардың тегін жоғары білім алуға мүмкіндігі бар екенін білді. Іріктеу кезінде ҰБТ баллдары емес, сарбаздың бір жыл бойы қызметте көрсеткен нәтижелері ескерілді. Атап айтқанда, әскери тәртібі, дайындық деңгейі, қызметке деген жауапкершілігі және командирдің ұсынымы назарға алынды.
"Әрине, мен қатты қуанып, бойымды мақтаныш сезімі биледі. Әсіресе бір жыл бойы әскери қызметте атқарған еңбегімнің зая кетпегенін сезіну ерекше қуаныш сыйлады", – деп еске алады Әли.
Қазір ол Ақпараттық технологиялар факультетінің төртінші курс студенті. Бағдарламалау, деректер базасы және ақпараттық жүйелерді әзірлеу бағыттары бойынша білім алып жүр. Келесі жылы диплом алуды жоспарлап отыр. Университеттегі өмір әскердегідей емес, алайда сол жерде үйренген дағдылар Әлиге көп көмектеседі екен.
"Әскер маған уақытымды дұрыс жоспарлауды, тапсырмаларға жауапкершілікпен қарауды және қиындықтар туындаған кезде мойымауды үйретті. Бұл қасиеттер оқу барысында, әсіресе күрделі жобаларды орындағанда және емтихан кезінде көп көмектеседі", – дейді ол.
Студенттің айтуынша, әскери қызметтен кейін ол өз бетінше шешім қабылдауға үйреніп, уақыттың қадірін түсіне бастаған. Қазір өзінің не үшін білім алып жүргенін бұрынғыдан да жақсы түсінеді.
2026–2027 оқу жылында әскери қызметтен запасқа шығарылатын сарбаздарға 3500-ден астам мемлекеттік білім беру гранты бөлінген. Оның 1800-ін бөлу жұмыстары қазан айының соңында басталады. Іріктеу конкурстық негізде жүргізіледі және әскери қызмет нәтижелері ескеріледі. Грант оқу ақысын толық өтейді. Сонымен қатар студенттерге стипендия және жатақханадан орын алуда басымдық беріледі.
Әли қазіргі уақытта мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген сарбаздарға қызметтің алғашқы күндерінен бастап өздерін жақсы қырынан көрсетуге кеңес береді. Өйткені грант жай ғана бір жыл әскери қызмет өткергені үшін емес, іріктеу нәтижесі бойынша беріледі.
"Сондықтан мен әскерде өткізген уақытымды бос кеткен жыл деп есептемеймін. Керісінше, әскер менің есейіп, дербес бола түсуіме көмектесті және болашағыма қарай маңызды қадам жасауға мүмкіндік берді", – дейді Әли.
Әли үшін бұл қадамның нәтижесі қазірдің өзінде айқын: алда – оқудың соңғы жылы мен IT маманы дипломы. Ал әскери қызметін аяқтап жатқан сарбаздар үшін дәл осындай мүмкіндікке бастар жол қазан айының соңында ашылуы мүмкін.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
13:53, 23 қазан 2026
Қазақстанда күн −18°С-қа дейін суытады
-
13:48, 23 қазан 2026
Ақордада «Астана-Көгалдандыру құрылысы» мекемесінің қызметкері Дидар Телжанұлына «Құрмет» ордені табысталды
-
13:36, 23 қазан 2026
Республика күнінің қарсаңында адал еңбегімен үлгі болған екі мыңнан астам азамат марапатталды
-
13:32, 23 қазан 2026
Президент сазгер Алтынбек Қоразбаевқа «Отан» орденін табыстады
-
13:30, 23 қазан 2026
Президент: Республика күні – күллі халқымыздың басын қосатын жалпыұлттық бірегей мереке








