«Ешкім қашып жатқан жоқ». Ұлттық банк МБҚ нарығындағы бейрезиденттердің рөліне тоқталды

18:58, 4 қыркүйек 2026
MKZ: 1565276

© Фото: zakon.kz

ҚР Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 2026 жылғы 4 қыркүйекте өткен брифинг барысында бейрезиденттердің мемлекеттік бағалы қағаздар (МБҚ) нарығындағы рөліне тоқталды, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Журналистер тамыз айында бейрезиденттердің МБҚ-ға салған инвестиция көлемі 23,9 млрд теңгеге өсіп, 2,6 трлн теңгеге жеткенін атап өтті. Жыл басынан бері олардың көлемі 34,2%-ға артып, нарықтағы үлесі 6,2%-дан 7,2%-ға дейін өскен. Сонымен қатар, олардың пікірінше, базалық сыйақы мөлшерлемесінің төмендеуі теңгелей активтердің кірістілігін азайтып, шетелдік капиталдың сыртқа ағылу қаупін тудыруы мүмкін. Олар Ұлттық банк бұл тәуекелді қалай бағалайтынын және бейрезиденттердің мемлекеттік бағалы қағаздардан жаппай құтылу жағдайы ықтимал болғанда қандай құралдар мен сценарийлер қарастырылатынын сұрады.

"Бейрезиденттердің МБҚ-дағы 7% үлесі – бұл жақсы көрсеткіш, бірақ дамыған елдердегідей тым жоғары деп айта алмаймыз. Ол жақта бұл көрсеткіштер 20%, 15% болады. Біз 10% – жетер шыңы деп есептейміз, оны одан әрі күрт өсіргіміз келмейді, өйткені көлем ұлғайған сайын сарапшылар атап көрсететін тәуекелдер де арта түседі. Әзірге, мұның бәрі толықтай реттеуге келеді және бұл бағыттан қандай да бір қауіп-қатерлерді көріп отырған жоқпыз", - деді Тимур Сүлейменов.

Оның айтуынша, егер елімізде жақсы макроэкономикалық саясат жүргізілсе, бұл қаражат сыртқа кетпейді.

"Бір жыл өтті, біз жұмыс істеп жатырмыз, ешкім кеткен жоқ, керісінше өсім бар. МБҚ-ға жасалған осы инвестициялар бізге мемлекеттік қарыздың құнын 2-3%-ға төмендетуге көмектесті. Ешкім қашып жатқан жоқ, барлығы бізге сенім артады және өз ақшасын портфельдік инвестиция түрінде әкелуде. Бізде 10 пайыз туралы жазылған ресми құжат жоқ. Бірақ, негізінен, 10%-дан асырғымыз келмейтіні рас. Олардың жолын кесіп, ығыстырамыз демейміз, егер тым қатты өсіп кетсе, бұл мәселені реттеуге тырысамыз. Әзірге, бұл көрсеткіш 6-7% деңгейінде", деп атап өтті Ұлттық банк басшысы.

Бұған дейін Тимур Сүлейменов қазақстандықтардың зейнетақы активтерін басқаратын жеке басқарушы компанияларды таңдау тәртібі қандай болатынын айтқан болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!