Erasmus+: Тоқаев Еуропа Одағына ризашылығын білдірді
© Сурет: zakon.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім, ғылым және академиялық ұтқырлық салаларында ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқан Еуропа Одағына ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөз барысында цифрландыру бағытындағы ықпалдастықты арттыруға айрықша мән берілгенін жеткізді.
"Қазақстан мен Еуропа Одағы өзара тәжірибе алмасу және технологияларға инвестиция салу арқылы анағұрлым инклюзивті әрі заманауи цифрлық экономиканы құруға кірісті. Елдеріміз Team Europe Initiative on Digital Connectivity ("Еуропа командасының" цифрлық байланыс жөніндегі бастамасы) аясында жерсерік арқылы интернетке қауіпсіз қосылу, әсіресе, ауылдар мен шалғай елді мекендердің ғаламторға қол жеткізуі бойынша әріптестікті жолға қойды. Сондай-ақ Орталық Азия мен Еуропа Одағының алғашқы инновациялық кампусын Astana Hub аумағында орналастыру мүмкіндігін қарастыруға келістік. Бұл стартаптар, технология зерттеушілері және цифрлық сала кәсіпкерлері бас қосатын алаң болмақ. Қазақстан Еуропа Одағының дүние жүзінде қауіпсіз әрі сенімді цифрлық байланысты қамтамасыз етуге бағытталған Horizon Europe бағдарламасы мен Global Gateway тұжырымдамасын жоғары бағалайды. Біз осы үдеріске белсенді атсалысқанымызды мақтан тұтамыз", - деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ ұзақмерзімді әрі табысты серіктестік үшін адамдар арасындағы байланысты нығайтудың маңызы зор екеніне назар аударылды.
"Білім, ғылым және академиялық ұтқырлық салаларында бізге ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқан Еуропа Одағына ризашылығымды білдіремін. Мыңдаған қазақстандық жастар ЕО бағдарламаларына қатысып, соның ішінде Erasmus+ аясында білім алып жатыр. Еуропа Одағы осындай байланыстарды одан әрі кеңейтуге бейіл. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Қазақстан университеттер арасындағы серіктестікті тереңдету, бірлескен бағдарламаларды іске асыру және біліктілік деңгейін өзара мойындау арқылы жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға әзір. Сонымен қатар азаматтарымыз үшін визалық рәсімдерді жеңілдету бойынша Еуропа Одағындағы серіктестермен ықпалдастық жалғасады деп үміттенеміз. Өзара барыс-келісті оңтайландыру білім, ғылым және мәдениет салаларындағы байланыстарымызды кеңейтуге, іскерлік белсенділікті жандандыруға оң септігін тигізетініне сенімдімін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан мен Еуропа Одағы БҰҰ Жарғысын және халықаралық құқық нормаларын сақтауға әрдайым бейіл екенін тағы да растады.
"Өңірлер арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесіне баса мән берілді. Бұл орайда "Орталық Азия – Еуропа Одағы" диалог платформасы өзара байланыс, сауда, көлік, экологиялық таза энергия, су ресурстарын басқару және цифрлық трансформация салаларында өңірдегі маңызды міндеттерді шешуде тиімді құралға айналды деп санаймыз. Бүгінгі кездесу серіктестігіміз жаңа кезеңге қадам басып, стратегиялық маңызға ие бола бастағанын айғақтады. Өзара ынтымақтастығымыздың қарқыны жоғары, келешегі зор. Қол жеткізілген уағдаластықтар көп ұзамай нақты жобалар мен бастамаларға ұласады деп сенемін", - деді мемлекет басшысы.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
09:31, 5 желтоқсан 2025
Қазақстанның қай қалаларында ауа райы қолайсыз болады және тұрғындар нені білуі тиіс
-
09:23, 5 желтоқсан 2025
«Alatau» АЭА аумағы ұлғайтылды
-
09:14, 5 желтоқсан 2025
Елімізде балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне тыйым салынуы мүмкін
-
09:04, 5 желтоқсан 2025
Геннадий Головкин бокс даңқ залына енген тұңғыш отандасымыз
-
22:45, 4 желтоқсан 2025
Алматыда өртенген үйдің жертөлесінен ес-түссіз жатқан адам табылды





