Елордада зейнетақы қаражатын шешіп беруді сылтау еткен алаяқтыққа күдікті ұсталды

14:03, 15 мамыр 2026

© Фото: freepik

Астана қаласында полицейлер алаяқтық дерегін әшкереледі. Тергеу барысында анықталғандай, 28 жастағы ер адам азаматтың сеніміне кіріп, зейнетақы жинақтарын шешіп беруге көмектесемін деген желеумен 250 мың теңге көлеміндегі ақшалай қаражатын иемденген.

Ақшаны алғаннан кейін күдікті уәдесін орындамай, жәбірленушімен байланысын үзген. Жәбірленушінің арызы негізінде жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп, күдіктінің жеке басы анықталды.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр. Сонымен қатар оның осыған ұқсас өзге де алаяқтық фактілеріне қатысы бар-жоғы тексерілуде. Полицияның мәліметінше, соңғы уақытта зейнетақы жинағын шешіп беру, әлеуметтік төлем рәсімдеу немесе жеңілдік алып беру сылтауымен жасалатын алаяқтық жағдайлары жиілеген.

Осыған байланысты азаматтарға келесі сақтық шараларын ұстану ұсынылады:

  • бейтаныс адамдарға жеке деректер мен банк картасы мәліметтерін бермеу;
  • күмәнді қызметтер үшін алдын ала ақша аудармау;
  • "жеңіл жолмен ақша шешіп беремін" деген ұсыныстарға сенбеу;
  • күмән туындаған жағдайда бірден полицияға жүгіну.

Сақтық — қауіпсіздіктің басты кепілі.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!