Еліміздің екі өңіріндегі су қоймалары суға 100 пайызға толы

19:18, 15 сәуір 2024

© Сурет: primeminister.kz

ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуәлиева 15 сәуірде ОКҚ-да өткен брифинг барысында қай өңірлерде су қоймалары 100% толы екенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мөлдір Әбдуәлиева Атырау облысы бойынша "Қазсушар" филиалы мен жергілікті әкімдік Жайық өзенінен келетін тасқын суын Каспий теңізіне бағыттау үшін 14,5 шақырым қосымша канал қазып жатқанын жеткізді. Бұл Атырау қаласы арқылы өтетін су көлемін азайтуға мүмкіндік береді.

"Атырау облысы бойынша "Қазсушар" филиалының төрт каналында тасқын суын қабылдау үшін бос орын дайындалуда. Атап айтқанда, Соколок, Сарыөзек, Бақсай және Нарын каналдарында суару кезеңіне жиналған су Каспийге жіберілді. Нәтижесінде Соколок каналы 2 млн текше метр, Сарыөзек каналы – 3 млн текше метр, Бақсай каналы – 7 млн текше метр және Нарын каналы – 4,5 млн текше метр су қабылдай алады", - деді ол.

Сондай-ақ ол еліміздегі су қоймаларындағы жағдайды баяндай келе, мыналарға тоқталды:

Ақмола облысында екі ірі су қоймасы 100%-ға толы. Мұнда су тасқынының белсенді кезеңі өтіп, салалары тұрақтанды. Кеше тасқын суы "Альва" лиманды суару жүйесінің "Ескі грейдер" бөгетін арқылы асып кетті. "Қазсушар" мен жергілікті тұрғындардың күшімен тасқын суының бөгеттен асуы тоқтатылып, Қараөткел кентін су басу қаупі сейілді.

Солтүстік Қазақстан облысында екі ірі су қоймасы 100%-ға толы, өңірде су тасқыны жалғасуда. Екі су қоймасы да штаттық кестеге сай жұмыс істеп тұр, бұзылу қаупі жоқ. Су тораптары көп факторлы тексеруден өтті, нысандардың техникалық жағдайы қанағаттанарлық. Осы уақытқа дейін Петропавл қаласы шегіндегі Есіл өзенінің деңгейі-1330 см, бір тәулікте ол 27 см-ге көтерілді. Мамандар су өткізу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ақтөбе облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші - 97%. Өңірдегі жағдай тұрақты.

Шығыс Қазақстан облысында екі ірі су қоймасы бойынша орташа су жинау көрсеткіші шамамен 80% құрайды.

Абай облысында Шүлбі су қоймасы 83%-ға толды. Өңірде су тасқыны жалғасуда. Шүлбі су қоймасына ағындардың ұлғаюына байланысты су жіберу жұмысы жалғасуда. Ертіс каскадының су қоймалары штаттық кестеге сай жұмыс істейді.

Батыс Қазақстан облысында төрт ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші - 77%. Иреклі су қоймасынан жіберілген су әзір Қазақстан шекарасына жеткен жоқ. Бұл су 16-17 сәуірде келеді деп күтілуде.

Қарағанды облысында 3 ірі су қоймасы 98%-ға толы, өңірде су тасқынының белсенді кезеңі өтті. Жағдай тұрақты.

Қостанай облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші - 93%, мұнда су тасқынының белсенді кезеңі өтті. Қаратомар су қоймасы транзиттік режимде жұмысын жалғастыруда.

Айта кетсек, БҚО келе жатқан үлкен суға қарсы тұрудың дайындығы үстінде.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!