Елімізде әлеуметтік мәртебені анықтау қызметтері көрсетіле бастады

18:09, 21 сәуір 2017

Халыққа қызмет көрсету орталықтарында азаматтардың әлеуметтік мәртебесін анықтау жөніндегі жаңа қызметтер көрсетіле бастады. Бұл халықтың медициналық сақтандыру жарнасын қалай өтейтінін білуі үшін қажет. Ал әлеуметтік статусы жоқ азаматтар еңбекпен қамту мекемелері мамандарына жүгінсе болады. Медициналық сақтандыру жарнасын кім және қалай төлейді?

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, барша халық медициналық сақтандыру жүйесі бойынша дәрігерге қаралады. Биыл 1 шілдеден жұмыс берушілер өздері және жұмысшылары үшін жарна төлеуді бастайды. Себебі жарты жыл ішінде сақтандыру қорында қаржы жинақталып үлгеруі керек. 

Индира Жылқайдарова, тілші:

-Кез келген адам медициналық сақтандыру жарнасын қалай төлейтінін білгісі келсе, халыққа қызмет көрсету орталығына келіп, мынадай арнайы терминал арқылы әлеуметтік мәртебесін анықтауы тиіс. Ол үшін жеке куләктің жеке сәйкестендіру номерін тересіз. Міне менің жұмыс істейтінім анықталды. Демек, менің медициналық сақтандыру жарнамды биылдың 1 шілдесінен бастап, жұмыс беруші төлей бастайды. 

Ал егер жұмысыңыз қауырт болса, орталыққа келмей-ақ egov.kz  сайты арқылы ісіңізді тындыра аласыз. Әлеуметтік мәртебенің бірнеше түрі бар. Бүгін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Светлана Жақыпова халыққа қызмет көрсету орталығына әдейілеп келіп, әр топ туралы жеке-жеке түсіндірді. Мәселен, бизнесмендер, өзін өзі жұмыспен қамтыған жандар жарнаны өздері төлесе, басқа әлеумет қайтпек?

Светлана Жақыпова, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары:

-Егер  азамат зейнетақы, жәрдемақы секілді әлеуметтік төлем алып жүрген жан болса, яғни зейнеткерлер, мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін мемлекет төлейді. Жүкті әйелдер және бала күтімі демалысында отырған аналарға жарнаны 3 жыл бойы мемлекет төлейді.

Бірақ не бизнесі жоқ, не мемлекеттен жәрдемақы алмайтын, жұмыссыз жандар да жетерлік қой. Олар жарнасыз қалмауы үшін мемлекет жұмыс тауып беруі тиіс.

Қарлығаш Тұяқова, Астана қалалық халықты еңбекпен қамту орталығының маманы:

-Біз жұмыссыздарды тіркейміз. Егер жұмыс табылмаса, оқыту курстарына жібереміз. Істеп жүрген жерінде қысқартуға іліккен жандарға жарты жыл жәрдемақы төленеді, тіпті істей алмай, өз еркімен жұмыстан шықса да, 4 ай төленеді. Сөйтіп кез келген адамды бейімдейміз.

Ал бірнеше баламен үйде отырған әйелдер жұмыс істеуге міндетті ме? Оларға жарнаны кім төлейді?

Светлана Жақыпова, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары:

-Ел ішінде мемлекет үйде балаларын күтіп отырған әйелдерді қыстап жұмысқа шығарып, жәрдемақысыз қалдырмақ деген әңгіме болды. Бірақ бұл дұрыс емес. Баласын жалғыз асырап отырған әйелдер, мүгедек баласы бар келіншектерге әлеуметтік төлем жасалады. Сәйкесінше, медициналық жарнаны мемлекет төлейді.

Ал кімнің қанша жарна төлейтіні әзірге белгісіз, себебі заң Мәжіліс қарауында жатыр. Айта кетейік, ресми мәлімет бойынша, бүгінде 70 мың жан жұмыс іздеп тіркеуге тұрған. Осы ретте биыл қыркүйекте электрондық еңбек биржасы іске қосылатынын айта кеткен жөн.

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары:

-Еңбек биржасында жұмысшылар мен жұмыс берушілердің сұранысы, жұмыспен қамту агенттіктерінің ұсынысы туралы ақпарат болады. Биржа арқылы жұмыс іздеп, табуға мүмкіндік беретін тегін қызмет көрсетілмек.

Ал «е-Халық» жаңа жүйесі арқылы ауылдағы ағайын еңбекпен қамту орталығына барып жатпай, жұмыссыз ретінде әкімдікте тіркеле салуына мүмкіндік бар. 

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Аманжол Байғазин

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!