Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері Испания жағалауын қазақ ауылына айналдырды

14:22, 10 наурыз 2026

© Фото: Zakon.kz

Испанияның Галисия өңірінде әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері ерекше жоба жүзеге асырды. Атлант мұхитының жағалауы бір күнге қазақ ауылына айналды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Lavozdegalicia басылымының жазуынша, Испанияның түкпір-түкпірінен келген Димаштың жанкүйерлері мұнда әншінің туған күнін (24 мамырда атап өтіледі) құттықтау үшін бейнебаян түсіруді мақсат еткен.

Түсірілім Морейрас шаруашылығында басталып, онда аттармен және бүркітпен аңшылық сахналары ұйымдастырылған. Кейін О-Валь-Минор ауданында көшпелі мәдениеттің тағы бір символы – киіз үй тігілген.

Сурет: lavozdegalicia

Жобаның идеялық демеушілерінің бірі – Испаниядағы Димаштың ресми фан-клубының мүшесі, La Voz басылымының журналисті Йоланда Гарсия.

"Димаштың өнеріне деген құштарлық бірегей. Оның музыкасы адамдардың өміріне өзгеріс әкеледі. Дауысымен және талантымен ол жай вокал техникасынан әлдеқайда артық нәрсені жеткізеді", – деп түсіндірді ол.

Бейнебаянға Испанияның әр түрлі аймақтарынан келген шамамен 25 адам қатысып жатыр. Солардың ішіндегі ең үлкені – Жиронадан келген 72 жастағы Фуэнсанта Гомес. Ол үш жыл бұрын әншінің жанкүйері болып, осы уақыт ішінде 16 концертіне барған.

"Тағы төрт концертті өткізіп алдым, оған қатты өкінемін!" – деді Фуэнсанта Гомес.

Айта кетейік, Димаш Құдайберген 1994 жылғы 24 мамырда дүниеге келген, биыл талантты әнші 32 жасқа толады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!