Депутаттар банкроттыққа ұшырағандарға жаңа несие бермеуді ұсынып отыр

09:45, 15 мамыр 2026

© Фото: Zakon.kz

2026 жылғы 14 мамырда Сенат депутаттары банкрот деп танылған азаматтарға қосымша шектеулер енгізуді ұсынды. Бұл мәселе Қаржы және бюджет комитетінің отырысында көтерілді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Депутат Нүрия Ниязова "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заңның 17-бабы 4-тармағына сәйкес, соттан тыс банкроттық рәсімі қолданылған борышкерге жаңа ақшалай және мүліктік міндеттемелер алуға тыйым салынатынын айтты. Алайда бұл шектеу микрокредиттер мен ломбард қызметтеріне жүрмейді. Оның айтуынша, қарызы кешірілгеннен кейін кейбір азаматтар қайтадан несие алып, қарызға батып жатыр. Бұл пікірді депутат Бекбол Орынбасаров қолдады.

"Қатаң шаралар қабылдау керек. Қазір кез келген банкрот деп танылған адам қосымшаға кіріп, еш кедергісіз несие ала алады", – деді ол.

Мәселенің бар екенін Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сеилжан Ахметов статистикалық мәліметтермен растады. Оның айтуынша, несие бюросының деректеріне сәйкес, соттан тыс және сот арқылы банкроттық рәсімі аяқталған 50 217 азаматтың 2 750-іне қайтадан жалпы сомасы 900 миллион теңгеден асатын жаңа қарыз берілген. Соның ішінде: 2 738 банкрот 1 миллион теңгеге дейін несие алған; 10 адам 3 миллион теңгеге дейін қарыз алған; тағы екі адам 6 миллион теңгеге дейін несие рәсімдеген.

Ең көп несиені микроқаржы ұйымдары бергенімен, олардың арасында екінші деңгейлі банктер де бар екені айтылды.

"Егер біз азаматты банкроттық рәсіміне жеткізсек, онда кейін оның қайтадан несие алуына шектеу қойылуы керек. Сондай-ақ мұндай азаматтарға қайта несие берген ұйымдардың жауапкершілігін қарастыру ұсынылып отыр", – деді Сеилжан Ахметов.

Депутаттар бұл мәселеде ломбардтардың жұмысын да заңмен реттеу қажет деп санайды.

Бекбол Орынбасаровтың пікірінше, егер бұл бағыт бақылаусыз қалса, халықтың шамадан тыс несиеге батуы тоқтамайды.

"Бұл әлеуметтік мәселе екенін түсінемін. Бірақ егер шара қолданбасақ, халықтың қарызға белшеден батуы жалғаса береді. Адамдар бәрібір несие алады немесе алтын бұйымдарын кепілге қойып ақша табады. Сонда біз бұл үдерісті тоқтатпаймыз, керісінше жағдайды ушықтырамыз", – деді депутат.

Бұған дейін құмар ойын бизнесін ұйымдастырушылар қандай есептілік тапсыруы тиіс екенін жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!