Депутат Ұлттық Банк қызметінде ашықтықтың жоқтығын сынға алды

13:44, 18 маусым 2025

© Фото: Zakon.kz

2025 жылғы 18 маусымда Мәжіліс отырысында депутат Ерлан Стамбеков Қазақстан Ұлттық банкінің қызметіндегі ашықтықтың жоқтығын сынға алды, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Депутаттың айтуынша, Ұлттық банк Ұлттық қордың активтерін басқарады – бұл 2024 жылдың соңындағы мәлімет бойынша шамамен 69 миллиард доллар. Алайда инвестиция құрылымы, тәуекелдер мен кірістілік туралы ақпарат әлі күнге дейін қоғам мен Парламентке жабық күйінде қалып отыр.

"Жоғарғы аудит палатасының есебінде Ұлттық банктің есептілігінде валюта түрлері, орналастырылған елдер, кірістілік, стресс-тест нәтижелері мен бақылау жүйесі туралы деректер жоқ екені атап өтілген. Ал Норвегия, Сингапур, Абу-Даби сияқты халықаралық қорлар толық инвестициялық есептерді жариялап отырады. Қазақстанда болса, әлі күнге дейін ашық есеп беру де, тәуелсіз бақылау органы да жоқ. Сонымен қатар, Ұлттық банк басқарушы және реттеуші рөлдерді қатар атқарады, бұл мүдделер қақтығысын тудырады. Неліктен Ұлттық банк Ұлттық қорды басқаруда халықаралық ашықтық стандарттарын әлі енгізген жоқ? Және есептілікті қамтамасыз етіп, мүдделер қақтығысын болдырмайтын сыртқы бақылау, бақылаушы кеңес немесе басқа да механизм құру жоспарда бар ма?" – деді Ерлан Стамбеков.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ерұлан Жамаубаев бұл сұраққа жауап беріп, барлық есептер Қаржы министрлігіне жолданатынын, президент жарлығымен бекітілген сенімхаттар жиналатынын және есептілік жариялануы тиіс екенін айтты.

"Алайда соңғы жылдары бұл ақпарат толық көлемде жарияланбады. Бізде халықаралық арбитражда резонансты істер болды. Биылдан бастап арнайы жарлық қабылданады, және Ұлттық банктің үкімет алдындағы есептілігі жарияланатын болады. Ол есепте валюталар, кірістілік сияқты көрсеткіштер қамтылады – барлық есеп ұсынылады. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін Ұлттық банк тарапынан тоқсан сайын есептерді өз сайтында және басқа платформаларда жариялап отырамыз. Есеп дайындалып жатыр. Сыртқы бақылауға келсек, ол жерде арнайы механизм жұмыс істейді: кеңес пен қордың жоспарларының орындалуын тексеретін комиссия бар", – деді Ерұлан Жамаубаев.

Бұған дейін Астана және Алматы айырбастау пункттеріндегі 18 маусымдағы валюта бағамын жазған болатынбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!