Бұл қорлық кой! Ақтөбеде «Нұрлы жермен» үй алғандар өкініп жүр

13:52, 5 тамыз 2020

Уәде қайда? Ақтөбеде су жаңа үйдің тұрғындары айқай шығарды. Мемлекеттік бағдарламамен несиеге алған баспаналарына көңілдері толмайды. Мәселе шешіле ма деп, тиісті мекемелердің бәріне хабарласқан. Бірақ нәтиже жоқ, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Жиналғандардың аулаларын даулап жүргеніне екі жыл болыпты. Өйткені, келісім-шартта төрт қабатты үйдің өз ауласы, балалар ойнайтын жерге дейін болады деп көрсетілген. Бірақ, тұрғындарды соның бәрі қағаз жүзінде қалғаны қынжылтады. Бәрі пәтерлерін мемлекеттік "Нұрлы жер" бағдарламасы арқылы алған.

Наурызбай Мұқатов, қала тұрғыны:

"Мынау қорлық қой! Жеті үйге 1 контейнер! Әне, көріп отырсыңдар. Міне, мусор. Есік алдында беседка да жоқ! Енді халық дұрыстап тұрайық та, ақшасын төлегесін. 10-18 жыл бойы төлейтіндер бар. Олар ерігіп келген жоқ қой".

"Нұр Ақтөбе" ауданындағы бес үйдің проблемасы ұқсас. Балаларын емін-еркін ойнататын жер жоқ. Ол аздай, құрылыс компаниясы ауланың орнын шұрық-тесік қып, тегістемей, тастап кетіпті. Мәселелерін шаһардың да, облыстың да басшыларына айтқан. Облыстың әкімі 1 тамызға дейін аумақты аббаттандырады деп уәде еткен.

Жанат Оразова, қала тұрғыны:

"2018 жылы ЖКХ-ға айттық жағдайымызды. Олардың жауабы 2019 жылы мына біздің алдымыздағы үйлердің құрылысы бітсін, бәріңіздің аулаларыңызды аяқтап береміз деді. Ол үйлердің құрылысы былтыр бітті, ал аула сол күйі қалды".

Үйдің ауласының жырына сын көтермейтін сапасы қосылып, ол да жұртты әбден титықтатып біткен.

Құрманай Қолғанат, қала тұрғыны:

"Үйдің іші де түсіп жатыр, коридордың отделкалары да түсті. Терезелері дұрыс орнатылмаған. Есік дұрыс салынбаған".

Үйдің аумағын аббаттандыруға 200 млн теңгеден астам қаржы қарастырылған. Алайда, қалалық құрылыс бөліміндегілер мердігер компания өзіне жүктелген шаруаны аяқтамай отырғанын айтты. Себебін сұраса, қаржыларының жоқ екендігін алға тартқан.

Аслан Жарасбаев, қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:

"Осы жылдың аяғына дейін бітіруі керек олар. Қаржылық қиындықтарына байланысты тоқтап тұр. Біздер қазір мердігер компаниямен жұмысты аяғына дейін жеткізу және міндеттер бойынша шаралар қабылдап жатырмыз. Сотқа беру амалдары, сотқа берудің алдында ол кісілермен келіссөздер жүргізу, жалпы осы мақсаттарда жұмыс жүргізіп жатырмыз".

Егер мердігер жылдың соңына дейін проблеманы шешпесе, әкімдіктегілер келісім-шартты бұзып, өзге компания іздейтін болады.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!