Атырауда полиция студенттер жатақханасында есірткіге қарсы тексеру жүргізді

10:38, 13 наурыз 2026

© Фото: polisia.kz

Атырау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері кинологиялық қызмет орталығымен бірлесіп, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің жатақханасында профилактикалық тексеру жұмыстарын жүргізді.

Басты назар – жастар арасында есірткі заттарының заңсыз айналымының алдын алу, сондай-ақ оқу орындары мен студенттер жатақханаларында қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету.

Тексеру барысында полиция қызметкерлерімен бірге арнайы дайындықтан өткен Хан атты қызметтік ит жұмылдырылды. Қызметтік иттің көмегімен жатақхана аумағы мен бөлмелерде тыйым салынған заттардың бар-жоғы тексерілді.

Полицейлер студенттерге есірткі құралдарын заңсыз сақтау, тасымалдау және тарату әрекеттері үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын түсіндіріп, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Сонымен қатар, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, есірткінің зияны мен оның қоғамға тигізетін кері әсері туралы ақпарат берілді.

Айта кетейік, Хан қызметтік иті есірткі заттарын анықтауға арнайы үйретілген. 2025 жылдың өзінде аталған қызметтік иттің көмегімен 40-тан астам есірткі заты анықталған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!