Алматы облысында дрондар полицияға жол ережесінің өрескел бұзушылықтарын анықтауға көмектесуде

10:17, 13 наурыз 2026

© Фото: unsplash

Алматы облысында полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғаларына әкелуі мүмкін жол қозғалысы ережелерінің өрескел бұзушылықтарын анықтау және олардың жолын кесу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді.

Іс-шаралардың негізгі мақсаты — жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Бүгінде патрульдік полиция қызметкерлері жолдағы жағдайды бақылау үшін заманауи технологияларды белсенді қолдануда.

Атап айтқанда, жол қозғалысын қадағалау мақсатында ұшқышсыз ұшу аппараттары — дрондар пайдаланылуда. Қазіргі уақытта полиция бөлімшелерінің қарауында осындай 14 құрылғы бар.

Дрондарды пайдалану жол қозғалысы ережелерінің аса қауіпті бұзушылықтарын, соның ішінде қарсы қозғалыс жолағына шығу фактілерін тиімді анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай әрекеттер жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіріп, ауыр жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін.

"Жыл басынан бері ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен қарсы жолаққа шығудың 59 дерегі анықталып, олардың жолы кесілді. Барлық құқық бұзушылар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды", — дейді полиция өкілдері.

Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Полиция қызметкерлері жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырып, жолдағы қауіпсіздік әрбір қатысушының жауапкершілігі екенін естен шығармауға үндейді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!