БҚО Қытай инвесторларына жаңа мүмкіндіктер ұсынды
© Сурет: БҚО әкімінің баспасөз қызметі
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Қытайға іссапары аясында Ляонин провинциясының әкімшілік орталығы – Шэньян қаласының ірі бизнес өкілдерімен кездесті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Маңызды кездесу – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы экономикалық байланыстарды нығайту және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталған кезекті іс-шара. Кейінгі үш жылда Батыс Қазақстан облысы Қытайдың бес провинциясымен тығыз байланыс орнатты.
БҚО әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған басқосуға 70-тен астам кәсіпкер қатысты. Оларға Ақ Жайық өңірінің инвестициялық әлеуеті туралы бейнеролик көрсетілді. Аймақ басшысы мемлекет тарапынан шетелдік инвесторларды қолдау шараларына тоқталып, бизнес қауымдастығын облыс аумағында нақты жобаларды іске асыруға шақырды.
"Біздің өңір де, Шэньян қаласы да — маңызды өнеркәсіптік және көлік-логистикалық орталықтар. Тоғыз жолдың торабында орналасқан облысымыз — инвесторлар үшін қолайлы аймақ. Біз әлеуетімізді одан әрі арттыру арқылы заманауи өндіріс орындарын ашуға және халықаралық серіктестікті дамытуға әрқашан мүдделіміз", — деді Нариман Төреғалиев.
БҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаев өңірде инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша нақты жүйе қалыптасқанын және инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген өндірістік алаңдар жасақталғанын атап өтті. Сондай-ақ салықтық жеңілдіктер туралы түсіндірді.
Кездесуде қытайлық кәсіпкерлер де өздерінің жоба-жоспарларын айтып, өңірге инвестиция салуға ниет білділді.
"Кәсіпкерлер облыс басшысымен тікелей кездесіп, сауалдарына жауап алды. Бұл өте маңызды. Менімен бірге 15 компанияның жетекшілері келді. Олар өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс сияқты салаларда жұмыс істейді. Бәрі Қазақстанға соның ішінде Батыс Қазақстан облысына инвестиция салуға ниетті. Бұл компаниялар аймақта жалпы құны 10 миллиард доллар болатын жобаларды жүзеге асыруға дайын", - деді Қазақстан-Қытай экономикалық, сауда және инвестициялық қызмет орталығының жетекшісі Фэн Хаоян.
Айта кетейік, қазір өңірде қытайлық 10 ірі компания бірқатар салаға қаржы құйды. Былтыр БҚО мен Қытай арасындағы сауда айналымы 1,5 есе артып, 175 миллион долларға жетті.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
19:53, 19 шілде 2026
Қазақстан Қара теңіздегі дрон шабуылдарын қатаң айыптады
-
17:52, 19 шілде 2026
20 шілдеде қай өңірлерде ауа райына байланысты ескерту жасады
-
17:14, 19 шілде 2026
Қостанайда өртенген үйден өрт сөндірушілер 50 литрлік газ баллонын алып шықты
-
16:59, 19 шілде 2026
+45 градус: Қазақстанның қай өңірлерінде аптап ыстық сақталады
-
16:01, 19 шілде 2026
Алакөлде паром басып кеткен әйел екі аяғынан айырылды









