Бір апта ішінде төтеншеліктер қар құрсауында қалып кеткен 100-ге жуық адамды эвакуациялады

12:56, 7 ақпан 2026

© Сурет: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

ТЖМ қызметкерлері өткен жеті тәулік ішінде қар құрсауында қалып кеткен 100-ге жуық адамды эвакуациялады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ауа-райының нашарлауына, боранға, көктайғаққа, қатты желге және нөлдік көрінуге байланысты ТЖМ құтқарушылары қар құрсауынан 96 адамды, оның ішінде 9 баланы құтқарып, эвакуациялады, сондай-ақ 18 автокөлікті шығарды, деп хабарлайды құзырлы ведомство баспасөз қызметі.

Ауа-райының нашарлауы туралы дауылды ескертулер мен автожолдардың жабылуы туралы ақпарат халыққа СМС-хабарламалар, ТЖМ, аумақтық бөлімшелердің интернет-ресурстары және әлеуметтік желілері арқылы жеткізілді. Авариялық-құтқару және іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге құтқарушылар мен полиция қызметкерлері қатысты.

Құтқару жұмыстарын ерекше атап өткен жөн:

  • Бүгін түнде Қарағанды облысы "Ақой - С. Сейфуллин - Ақсу - Аюлы - Ақтоғай - Балқаш" облыстық маңызы бар тас жолында Жалаңаш ауылының маңында жеңіл автокөлік кюветке шығып кетті. Көлік ішінде Өзбекстан Республикасының үш азаматы болды, оқиға салдарынан ауыр жарақат алмаған, бірақ өздігінен шыға алмаған.
  • 6 ақпанда Жамбыл облысының Жуалы ауданында "Б. Момышұлы – Көлтоған" облыстық маңызы бар тас жолының 38-шақырымында қар құрсауында қалған автокөлік жүргізушілері мен жолаушыларына көмек көрсету мақсатында авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілді. ТЖМ күштері қар құрсауынан төрт автокөлікті шығарып, көлік ішінде болған сегіз адамға, оның ішінде бір балаға көмек көрсетілді.
  • 5 ақпанда Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Құрылыс елдімекенінен 15 шақырымда төрт жеңіл автокөлік қар құрсауында қалып қойды. Құтқару операциясы барысында 12 адам, оның ішінде үш бала жақын елдімекенге эвакуацияланды.
  • 5 ақпан күні күндіз Жетісу облысының Алакөл ауданында "Үшарал- Достық" автожолының жабық учаскесінде алты жеңіл, 11 жүк автокөлігі қар құрсауында қалды. ТЖМ құтқарушылары 32 жолаушыны, оның ішінде екі баланы қатты жел мен боран жағдайында құтқарып, жақын жылыту пунктіне эвакуациялады. Медициналық көмекке ешкім мұқтаж болған жоқ.
  • 31 қаңтар күні түнде Қостанай облысының Қашар елдімекенінен 5 шақырым қашықтықтағы "Рудный–Қашар–Фёдоровка" тас жолында екі адам мінген жеңіл автокөлік қар құрсауында қалып қойды. Көлікте Ресей Федерациясының азаматтары болған. Құтқарушылардың күшімен автокөлік қар құрсауынан шығарылды. Кейін көлік қауіпсіз жол бөлігіне дейін сүйемелденді.
"Қазақстан ТЖМ азаматтарды сақтық шараларын сақтауға, дауылды ескертулерді қадағалауға және қолайсыз ауа райы жағдайында алыс сапарларға шықпауға шақырады. Ауыл тұрғындарына ауа-райының нашарлауы жағдайында ұзақ серуендеуден бас тарту ұсынылады", делінген ведомство хабарламасында.

Бұған дейін Ақмола облысында қар құрсауында қалып кеткен бес адам құтқарылғанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!