Бектенов картоп тапшылығы мен бағаның өсуіне жол бермеуді тапсырды
© Фото: Zakon.kz
Премьер-министр Олжас Бектенов 2026 жылғы 29 қыркүйекте Үкімет отырысында әкімдіктерге қысқы және көктемгі кезеңдерге көкөніс, әсіресе картоп қорын қалыптастырып, маусымаралық кезеңде олардың тапшылығы мен бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуді тапсырды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Премьер-министр қазіргі таңда басты міндет – егін жинау жұмыстарын уақытында аяқтап, жиналған өнімді сақтау екенін атап өтті.
"Элеваторлар мен астық қоймаларының, астық кептіруге арналған қуаттардың толық дайындығын қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ астықтың ысырап болуына және сапасының төмендеуіне жол бермеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдау керек. Ауа райы егін жинау қарқынына, өнімнің сапасы мен көлеміне әсер етпеуге тиіс. Экология министрлігіне егін жинау жұмыстары толық аяқталғанға дейін аграршыларға ауа райы болжамы туралы күн сайын ақпарат беруді тапсырамын", – деді Бектенов.
Ол жеңілдетілген дизель отынының жеткілікті болуына да ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті.
"Энергетика министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, егін жинау науқаны мен астықты кептіру жұмыстары толық аяқталғанға дейін отынның үздіксіз жеткізілуін және қордың жеткілікті болуын бақылауды қамтамасыз етуі қажет. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау қарқынын сақтап қалу маңызды. Болжанып отырған өнім көлемі ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуге де, экспортқа дәстүрлі көлемде өнім жөнелтуге де жеткілікті", – деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, қысқы және көктемгі кезеңдерге көкөніс, әсіресе картоп қорын қалыптастыру басым бағыт болып қала береді.
"Қазірдің өзінде егін жинау науқаны барысында қажетті көлемді уақытында келісімшартпен бекітіп, сатып алып, сақтауға қоюды ұйымдастыру маңызды. Өңір әкімдіктері бұл мәселені бақылауға алып, маусымаралық кезеңде әлеуметтік маңызы бар көкөніс өнімдерінің тапшылығына және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуі керек. Бұл ретте өнімнің артығын экспортқа бағыттау қажет. Сауда және көлік министрліктері аграршыларға өткізу нарықтарын іздеу мен өнімді сатуға қолдау көрсетуі тиіс. Ауыл шаруашылығы шикізатын ел ішінде қайта өңдеу үлесін жүйелі түрде арттыру да маңызды", – деді ол.
Премьер-министрдің сөзінше, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытып, кейін жоғары қосылған құны бар дайын өнімді сыртқы нарықтарға шығару қажет.
"Бұл бағытта Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдейтін заманауи зауыттың іске қосылуы маңызды қадам болды. Мұндай өндірістің іске қосылуы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін қосымша ынталандыру болып, отандық шикізатқа кепілді сұраныс қалыптастырады. Оның үстіне биыл жүгері егісінің көлемі 60%-ға ұлғайтылды. Тиімді инвестициялық жобаларды осылай іске қосу саланың одан әрі дамуын қамтамасыз етіп, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және қайта өңдеуді сапалы жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді", – деп қорытындылады премьер-министр.
Сонымен қатар Бектенов 2027 жылғы ауыл шаруашылығы маусымына дайындықты қазірден бастауды, аграршыларды уақытылы қаржыландыруды қамтамасыз етуді, қажетті көлемде сапалы тұқым дайындауды, минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемін, элиталық тұқымдардың үлесін және ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуды арттыруды тапсырды.
Жамбыл және Жетісу облыстарының әкімдіктеріне қант зауыттары мен қабылдау пункттерінің дайындығын қамтамасыз етіп, кезек пен өнімнің бүлінуіне жол бермеу тапсырылды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, егін жинау науқаны аяқталғанға дейін жағдайды бақылау, ал туындаған мәселелерді Үкімет жанындағы штаб аясында жедел шешу міндеттелді. Жалпы үйлестіру Серік Жұманғаринге жүктелді.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
18:01, 29 қыркүйек 2026
Петропавлда жалпыұлттық аза тұту күнін елегісі келмеген блогер қамауға алынды
-
17:43, 29 қыркүйек 2026
«Күн суытады». Еліміз бойынша 30 қыркүйекке арналған ауа райы болжамы
-
17:31, 29 қыркүйек 2026
Қазақстандағы климаттың жылынуы: соңғы 50 жыл не көрсетті?
-
17:20, 29 қыркүйек 2026
Кураштан Арайлым Шегенова Азия ойындарының қола жүлдегері атанды
-
17:02, 29 қыркүйек 2026
Тоқаев Wilo Group компаниялар тобының басқарма төрағасы Оливер Герместі қабылдады





