Базалық мөлшерлемені төмендету кредиттің төмендеуіне оң әсер етеді - Досаев

14:43, 16 сәуір 2019

2019 жылғы наурызда айлық инфляция 0,5%-ды құрады. Жылдық инфляция 4,8% деңгейінде сақталды. Бұл 2019 жылға арналған 4-6% нысаналы дәліздің ортасына сәйкес келеді. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің отырысында сөйлеген сөзінде Ұлттық Банк Төрағасы Ерболат Досаев айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ол 15 сәуірде Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 9,0%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдағанын еске түсірді. Бұл деңгей инфляция бойынша 2019-2020 жылдарға арналған нысаналы бағдарға қол жеткізуге ықпал етеді.

Базалық мөлшерлемені төмендету туралы шешім ішкі және сыртқы факторларға негізделді. Атап айтқанда: инфляция қарқындарының баяулауы, халықтың инфляциялық күтулерінің төмендеуі, негізгі сауда әріптес елдердегі төмен инфляция, сондай-ақ мұнайға әлемдік бағаның өсуі.

"Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 11 сәуірде Маңғыстау облысына сапары барысында кредиттің қолжетімділігін арттыру бойынша берген тапсырмасы аясында базалық мөлшерлемені төмендету туралы шешім банктер тартатын қаражат және соңғы қарыз алушылар үшін кредиттік ресурстар құнының төмендеуіне оң әсер етеді", - деп хабарлады Е. Досаев.

Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы валюта нарығындағы ахуалдың тұрақты екенін де айтты. Айырбастау бағамы іргелі факторлардың әсерімен қалыптасуда. Теңге бағамы жыл басынан бері 1,2%-ға нығайып, 15 сәуірдегі жағдай бойынша бір АҚШ доллары үшін 379,56 теңгені құрады.

"Ұлттық Банктің алтынвалюта резервтері клиенттердің шоттарындағы қалдықтардың қысқаруына орай жыл басынан бері 13,4%-ға төмендеп, 2019 жылғы 15 сәуірде 26,8 млрд АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордың активтері 2,3%-ға 59,0 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайды. Жалпы халықаралық резервтер 85,8 млрд АҚШ долларын құрады", - деп хабарлады Е. Досаев.

"Е. Досаев өзінің сөйлеген сөзінде төлем балансы мен сыртқы борыштың жай-күйі туралы айтып берді. Ол өткен жылдың соңғы қорытындысы шығарылғанын атап өтті. «2018 жылы экспорттық тауарларға бағаның өсуі және сыртқы нарықтағы сұраныстың артуы аясында төлем балансының ағымдағы шоты айтарлықтай жақсарды. Оның мөлшері 51,7 млн АҚШ доллары немесе ішкі жалпы өнімнің 0,03% аздаған дефицитпен қалыптасты. Шетелдік тікелей инвестициялардың таза ағыны 31%-ға 4,9 млрд АҚШ долларына дейін өсті", - деді Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы.

Ол сыртқы борыш 2018 жылы 8,4 млрд АҚШ долларына қысқара отырып, 2019 жылғы 1 қаңтарда 158,8 млрд АҚШ долларын құрағанын атап өтті.

Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы Қазақстанның банк жүйесі дамуының көрсеткіштері ағымдағы жылғы 1-тоқсанда жүргізілген қалыпқа келтіру процестерінің, атап айтқанда «Цесна банк» АҚ-ты қалыпқа келтіру процестерінің ықпалында болғанын да атап өтті.

"2019 жылғы ақпанның қорытындысы бойынша депозиттер 2018 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 17,6 трлн теңгеге дейін 5,2%-ға азайды. Бұған шетел валютасындағы салымдардың 14,6%-ға төмендеуі себеп болды. Ұлттық валютадағы депозиттер 3,6%-ға өсті. Бұл депозиттерді долларландыруды соңғы 5 жылда ең төмен мәнге 43,6%-ға дейін төмендетуді қамтамасыз етті", - деді Е. Досаев.

Банктер кредиттік белсенділікті өсіру үстінде екенін атап өтті. 2019 жылғы қаңтар-ақпанда 1,9 трлн теңге сомаға жаңа кредиттер берілді, бұл өткен жылғы осындай кезеңнен 11,2%-ға көп. Кредиттік портфель 2019 жылғы ақпанның соңында 12,5 трлн теңге, оның ішінде ұзақ мерзімді кредиттер – 10,6 трлн теңге, қысқа мерзімді – 1,9 трлн теңге болды.

"Теңгелік кредиттер бойынша мөлшерлеме төмендеуде. Ағымдағы жылғы ақпанда ол өткен жылғы ақпандағы 12,9%-бен салыстырғанда бизнес үшін 12,4% деңгейде, оның ішінде қысқа мерзімді кредиттер бойынша – 12,1%, ұзақ мерзімді кредиттер бойынша – 13,5% болып қалыптасты", - деді Е. Досаев.

Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы макроэкономикалық саясатты іске асыру тиімділігін арттыру үшін 26 наурызда Ұлттық Банк пен Үкімет 2019 жылға арналған макроэкономика саясатының шараларын үйлестіру туралы келісімге қол қойылғанын еске түсірді.

"Келісімде экономикалық өсуді арттыру және кредит беруді, сонымен бірге нақты сектордың қаржыландыруын ұлғайту шаралары көзделеді", - деді ол.

Е. Досаев өз баяндамасында атап өткендей, Бес әлеуметтік бастама шеңберінде іске асырылатын 7-20-25 бағдарламасы ипотекалық кредит беруді дамытуға бағытталған. 2019 жылғы 11 сәуірдегі жағдай бойынша Бағдарлама шеңберінде 133,3 млрд теңге сомаға 11 705 өтінім қабылданды, оның ішінде 80,3 млрд теңгеге 6 905 өтінім мақұлданды, 5 521 өтінім бойынша 65,5 млрд теңге берілді.

"Экономиканың басым секторларын 600 млрд теңге сомада ұзақ мерзімді ресурстармен қамтамасыз ету міндетінің аясында 2019 жылғы 10 сәуірдегі жағдай бойынша 112,7 млрд теңге сомаға үш банктің облигациялары сатып алынды", - деді Е. Досаев.

Сөзін қорытындылай келе Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы отандық өнеркәсіпті ынталандыруды дамыту үшін Жеңіл автокөлікті сатып алушыларды кредиттеу бағдарламасын іске асыру жалғасатынын айтты.

"Ағымдағы жылғы 2-тоқсанда банктердің кейіннен жеке тұлғаларға жылдық 4%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесімен 7 жылға дейін мерзімге кредит беруі үшін 20 млрд. теңге сомаға Қазақстан Даму Банкінің облигациялары сатып алынады", - деді ол.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!