Азаматтардың мүмкіндіктері тұрғылықты жеріне тәуелді болмауға тиіс – президент

12:56, 28 қазан 2026
MKZ: 1574762

© Фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазанда Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында смартфондардың азаматтар үшін табыс табу құралына қалай айналатынын және осы бағытта Үкімет қандай өзгерістер әзірлейтінін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні коммерцияландыру, активтерді токенизациялау, блокчейн технологиялары мен цифрлық платформалық экожүйелерді дамыту жұмысы енді ғана басталғанын атап өтті.

"Цифрландыруды экономикада іс жүзінде қолдану бағдарламасын әзірлеу қажет. Қазір миллиондаған азаматымыз күн сайын маркетплейстерді, тамақ жеткізу және такси шақыру сервистерін, басқа да көптеген қызметті, соның ішінде банк қызметтерін пайдаланады. Бұл салада Қазақстан озық саналатын көптеген елден алға озғанын мойындау керек. Бірақ біз одан әрі ілгерілеуге тиіспіз. Шын мәнінде өнімділігі жоғары цифрлық экономиканы дамытуға қуатты серпін беру үшін бізде қажеттінің бәрі бар. Жастарымыз білімді әрі креативті, елімізде интернет қолжетімді, дамыған цифрлық инфрақұрылым қалыптасқан. Бүгінде кез келген азамат үйден шықпай-ақ бірнеше минут ішінде банк шотын ашып, бөліп төлеуді рәсімдей алады немесе тауар сатып ала алады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, цифрландырудың келесі кезеңінде қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етуден әр адамның жеке мүмкіндіктерін кеңейтуге көшу қажет.

"Көзқарасымызды өзгертіп, алдымызда тұрған міндеттерге басқа қырынан қарауымыз керек. Мақсатымыз – шын мәнінде халықтық цифрлық экономика құру. Қоғамдық санада интернет тек тұтыну мен ойын-сауық кеңістігі ретінде ғана емес, жасампаздық пен еңбектің виртуалды ортасы ретінде де қабылдануға тиіс. Азаматтарымыз үшін смартфон уақытты зая кетіретін қымбат ойыншық, бос уақытты өткізу құралы ғана емес, тиімді жұмыс құралына айнала алады және айналуға тиіс. Сондықтан Үкімет жыл соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтудың жеңілдетілген құқықтық режимін қалыптастырады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы халықтық цифрлық экономика құру үшін адамдардың мүмкіндіктері тұрғылықты жеріне тәуелді болмауы маңызды екенін айтты.

"Ауылда да, қалада да тұратын азаматтарымыз смартфонды заңды табыс табу құралы ретінде пайдалануды үйренуге тиіс. Кәсіпкерлікті қолдаудың қолданыстағы мемлекеттік шараларын жекеменшік маркетплейстердің, банктердің, логистикалық компаниялар мен цифрлық сервистердің мүмкіндіктерімен ұштастыру қажет. Несие беру мен субсидиялаудан бөлек, тауар өндіруге және өткізуге арналған қосымша цифрлық құралдар керек. Келесі жылы Үкімет бизнес қауымдастығымен бірлесіп, бірқатар өңірде ауылдағы өндірушілерге өнімдерін өткізуді жолға қоюға көмектесетін цифрлық даму жөніндегі пилоттық жобаларды іске қосуы қажет. Табысты тәжірибелерді барлық өңірге тарату керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы активтерді токенизациялаудың, яғни оларды цифрлық ортаға көшірудің әлеуетін толық іске асыру қажеттігін атап өтті.

"Бұл азаматтарға компаниялар мен түрлі нысандардың ортақ иесі болуға, ал кәсіпкерлерге артық делдалсыз тікелей капитал тартуға мүмкіндік береді. Халықтық цифрлық экономика құрудың стратегиялық мақсаты – заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін әр азаматтың әл-ауқатын арттыруға пайдалану", – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде шын мәнінде халықтық цифрлық экономика құру қажет екенін мәлімдеді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!