Ауыл халқы ашынды: инвестор келіп, жайылым жерді жыртып тастады

15:47, 3 тамыз 2020
130

Алматы облысына қарасты Ақсу ауданында жайылымдық жерге қатысты дау шықты. Алтынарық ауылындағы 40 гектар алқаптың заңды иесі барын жұрт енді ғана білген. Аумақты осыдан 8 жыл бұрын иелігіне алған инвестор оны игеруге кешелі бері бел шеше кірісіпті. Тіпті жерді жыртып та тастаған. Бұған ашуланған тұрғындар техникалардың алдын кес-кестеп әрең тоқтатыпты, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Күресбек Дәбей, Алтынарық ауылының тұрғыны:

Міне, осындай жерді жыртып тастады міне. Мына жерден мал да, ірі қара да, жылқы да, қой да осы жерде жүреді. Ауыл қалай күн көреді малсыз? Малмен күн көріп отырған халықпыз ғой бәріміз де.

"Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ", - демекші, тартысқа түскен жер - Алтынарық ауылының дәл іргесіндегі мына жайылым. 140 түтіні бар аядай ғана елді мекен тұрғындары қолдағы бар малын күнделікті осында жаяды. Егер бұл жерден айырылсақ, қазіргідей шөп жоқта, төрт түлігіміз арам қатады, - дейді.

Иемберген Рахымбеков, Алтынарық ауылының тұрғыны:

"Осы ауылдың шетінен бастап, ары кетсе бір 120 гектар жайылымымыз бар біздің. Ал, бізге айтады 1200 гектар жайылым бар деп. Ол нақты қай жерде, біз білмейміз ол жерді".

Секен Тұрымханұлы, Алтынарық ауылының тұрғыны:

"Мың тұяқ ірі қара бар ауылда. Не дала жайылымы жоқ, сыртта базысы жоқ халықтың. Не жайлауға шығармайды. Сол осы жерге иіріп отырған азғантай жері міне. Аз ғана жерін екі күннен бері жыртып, тасталқанын шығарды. Ауылдан 10-ақ метр міне".

Халықтың жанайқайын тыңдауға келген аудан әкімі 40 гектар алқап осыдан 8 жыл бұрын инвесторларға суармалы жер ретінде берілгенін айтады. Содан бос жатқан. Тек жуырда компания басшылығы ауысқаннан кейін ғана, иеліктеріндегі жерлерін игермек бопты. Жоңышқа тұқымын себу үшін 2 күннің ішінде 10-15 гектарды жыртып үлгерген. Жергілікті жұрт шығып, бас көтергеннен кейін ғана жұмысты тоқтатқан.

Есім Базарханов, Ақсу ауданының әкімі:

"Бүкіл жерлерді осваивать етіп жатыр. Сол себептен бұл жерді олар жырта бастаған. Енді, мынау мал өтетін жер болғаннан кейін, біздің өзіміздің аудандық жер қорына қайтарып, оларға взамен 40 гектар суармалы жерді іздеп, қарастырып береміз деп, сондай келісімге келіп отырмыз представительмен. Енді, учредительмен келіссек, осы жерді қайтарамыз".

Мал бағып күнелтіп отырған ауыл жұртын әкімнің жауабы қанағаттандырды. Енді, аудан қорынан жер тауып, құрылтайшылармен келісу ғана қалып отыр.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!

Пікір