Екі сағат бойы жалынмен күрескен: полицейлер жүк көлігінен шыққан өртті сөндіруге көмектесті

11:28, 13 наурыз 2026

©

Абай облысында патрульдік полиция қызметкерлері Алматы – Өскемен тасжолында жүк көлігінен шыққан ірі өртті сөндіруге атсалысып, әріқарай таралуына жол бермеді.

Оқиға автожолдың 660-шақырымында болған. Патрульдеу кезінде Абай облысы полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының инспекторлары Нұржан Мырзабаев пен Ералы Айткен жол жиегінде жанып жатқан Volvo жүк көлігін байқаған.

Жалын тіркемені толық шарпып, қою түтін ондаған метр биіктікке көтерілген. Уақыт жоғалтпай, полицейлер жолдың бір бөлігін жауып, басқа жол қозғалысы қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етті және жүргізушіге көмек көрсетті.

Бұдан кейін олар жүктің бір бөлігін сақтап қалу және өрттің күшеюіне жол бермеу үшін тіркемені түсіруге тырысты. Алайда мұны толық жүзеге асыру мүмкін болмады — тіркемеде тез тұтанатын пластик бұйымдар болғандықтан, жалын күшейе түсті.

Полиция қызметкерлері дереу өрт сөндіру қызметіне хабарлап, мамандар келгенге дейін өз күштерімен отты өшіруге тырысты.

Қатты жел жағдайды күрделендіріп, жалынды күшейтті. Біраз уақыттан кейін оқиға орнына жақын маңдағы Шолпан ауылынан арнайы өрт сөндіру техникасымен еріктілер барды. Полицейлер мен ауыл еріктілері бірлесіп, өртті сөндіруге кірісті.

Шамамен 45 минуттан кейін техникалардағы су қоры таусылып, еріктілер су алу үшін ауылға қайта баруға мәжбүр болды. Ал полицейлер осы уақыт аралығында қауіпті аймақта қалып, өрттің одан әрі таралуына жол бермей, жалынды сөндіруді жалғастырды.

Кейін оқиға орнына шамамен 130 шақырым жол жүріп келген Үржар ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері жетті. Олардың келгеннен кейін өрт толықтай оқшауланып, сөндірілді. Жалпы алғанда, өртпен күрес шамамен екі сағатқа созылды. Өкінішке қарай, тіркемедегі жүк — пластик бұйымдар толықтай жанып кетті. Алайда полицейлер мен еріктілердің жедел әрекеттерінің арқасында өрттің басқа көліктерге таралған жоқ, одан да ауыр салдардың болуына жол берілмеді.

Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Полицейлер жүк көлігінің жүргізушісі — Беларусь Республикасының азаматына көмек көрсетіп, тамақпен және уақытша түнейтін орынмен қамтамасыз етті.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!