Атырау облысы әкімі қоғам белсенділерімен бірге Жайық жағалауын қарап шықты

16:56, 23 қыркүйек 2020

Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетов қоғам белсенділерімен, сондай-ақ жауапты сала мамандарымен бірге Атырау қаласындағы Жайық өзені жағалауын абаттандыру жұмысымен танысты, деп хабарлайды zakon.kz.

Атырау облыстық коммуникациялар қызметінің мәліметінше, жағалауды абаттандыру жұмыстары Атырау қаласындағы Бейбарыс көпірінен Жастар саябағына дейін жүргізіледі. Қаланың еуропа бөлігіндегі 7,86 гектар аумақты қамтыған. Құрылыс-монтаждау жұмыстары жүретін аумақтың жалпы ұзындығы - 1861 метрді құрайды.

Қазіргі уақытта жағалаудың жаңа учаскесінде Атырау қаласының көркем символдары, "Шаңырақ" архитектуралық үлгіде жасақталған аумақ, балаларға арналған және денешынықтыру, жүгіру, демалыс алаңдары, орындықтар мен күркелер орналастырылған. Пирс пен жағажай аумағы да абаттандырылады деп күтілуде.

Жағалаудағы құрылысы-монтаж бен абаттандыру жұмыстарына қатысты бірқатар сын айтқан облыс басшысы Махамбет Досмұхамбетов жұмыстың сапалы болуын ескертіп, кейбір олқылықтарды түзеуді тапсырды. Өйткені, атыраулықтар мен қонақтар серуендейтін ең көрікті орындардың бірі ешбір қолайсыздық тудырмауы тиіс.

Ал жағалауды арбасымен аралап шыққан қоғам белсендісі Гүлнәз Қосмұрзиева жағалаудағы жүгіруге арналған, велосипетпен жүруге және жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың көңілінен шыққанын айтады. Бірақ, мүмкіндігі шектеулі жандар мен балаларын арбамен серуендететін аналарға да қолайлы болу үшін бірнеше ұсыныстарын мердігер компанияға жеткізді. Олар оның жуық арада орындалатынын жеткізді.



Айта кетейік, құрылыс жұмыстары НКОК компаниясының қаржыландыруымен жүргізіліп жатыр.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!