Асыл тастарға ұқсайды: сәулетшілер әлемдегі ең биік тұрғын үй ғимаратының құрылысын көрсетті

12:17, 26 тамыз 2026
MKZ: 1563479

© Сурет: Binghatti Developers

Дубай (БАӘ) өзінің ауқымды жобалары мен сәулет саласындағы рекордтарымен таңғалдыруды жалғастырып келеді. Қаланың Business Bay ауданында әлемдегі ең биік тұрғын ғимарат атанатын Burj Binghatti Jacob & Co Residences зәулім ғимаратының құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды Zakon.kz.

Naked Science басылымының мәліметінше, бұл жай ғана элиталық тұрғын үй кешені емес, Дубайдың жаңа сәулет нышанына және тұтас бір дәуірдің символына айналуды көздейтін жоба.

Ғимараттың биіктігі 557 метр, ал қабат саны 100-ден асады. Мұнара биіктігі 472 метр болатын Нью-Йорктегі Central Park Tower ғимаратынан асып түсіп, әлемдегі ең биік тұрғын зәулім ғимарат атануы тиіс.

Жобаны Дубайдағы қарқынды дамып келе жатқан девелоперлердің бірі Binghatti Developers пен Нью-Йоркте орналасқан зергерлік және сағат бренді Jacob & Co. бірлесіп жүзеге асырып жатыр.

Серіктестер сәулеттегі ауқымды дизайнды зергерлік бұйымдарға тән дәлдікпен үйлестіруге тырысқан. Зәулім ғимараттың сұлбасы Jacob & Co. сағаттарының күрделі механизмдерінен шабыт алған. Ал оның төбесін ромб пішінді үшкір мұнаралар безендіреді. Олар брендке танымал қырланған асыл тастарды еске салуы тиіс.

Құрылысты 2027 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!