Астанадағы теміржол вокзалында болған жарылысқа қатысты тергеу жүріп жатыр

22:52, 14 ақпан 2025

© Сурет: видео скрині

Астанадағы теміржол вокзалында түн ішінде жойқын жарылыс болды. Бір сәтте сұрыптау паркінің 12-жолында пойызбен жеткізілген контейнердің күлі көкке ұшқан. Бір адам жарықшақтан қолын аздап кесіп алғаны болмаса, өзге зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қазір стратегиялық нысан аумағында құзырлы органдар тергеу жүргізіп жатыр.

КТК телеарнасының хабарлауынша, түн тынышын бұзған жарылыста вокзал маңы жап-жарық болып кетіп, қап-қара түтін аспанға будақтаған. Дүмпу жүк пойызына тіркелген контейнерде болған, бірақ оқиға орнында өрт болмаған.

"Ұйықтап жатқанбыз. Түнгі бірге таман тарс шыққан дыбыстан оянып кеттім. Есігім ашылып кетті, ілгегін салмағам. Шошып кеттім, немене деп түсінбедім".Хайролла Аймекенов
"Тарс еткенде сұмдық болды, үйге жүк көлігі келіп соғылған шығар деп ойладым. Екі қабатты үйде тұрамын. Немерем осы кезде жұмыстан келе жатыпты, осы көпір үстінде. Жарылыстың қатты болғаны сонша, құлаққаптан өтіп кетіп, шошынғаннан отыра қалдым, дейді. Жүгіріп, бәріміз далаға атып шықтық".Валентина Ашаркулова

Қорыққанынан далаға атып шыққан жұрт не болғанын түсінбей, түнімен далада жүрген. Қараңғыда қай жерде жарылыс болғанын білмедік, дейді тұрғындар. Ал вокзалдағы оқиға жайлы "Қазақстан теміржолы" компаниясы жарылған кәдімгі трансформаторлар болуы мүмкін дейді.

"Алдын ала мәлімет бойынша, контейнердегі жүк электр жабдықтары.Трасформаторлар мен генераторлар болған. Контейнер жеке компанияға тиесілі болып шықты. Осы жағдай басқа пойыздардың кешігуіне әсер еткен жоқ. Уәкілетті органдардың қатысуымен тергеу басталды"."Қазақстан темір жолы" ҰК АҚ департамент директорының орынбасары Ниязбек Жаңабаев

Болған оқиғаны тексеріп жатқан құзырлы органдар вокзал маңындағы тұрғындарға төніп тұрған қауіп жоқ.

"Теміржол көлігін пайдалану немесе қозғалыс қауіпсіздігі ережелерін бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Жарылыстан шашылып қалған вагон қалдықтары жиыстырылып жатыр. Оқиға орнын жан-жақтан полиция қоршап, жақын бару мүмкін емес. "Қазақстан теміржолы" берген ақпаратта айтылғандай, жарылған электрқұрылғы ма, басқа ма, ол енді тергеуден кейін белгілі болмақ.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!