Астанада жұмысшылары қаза тапқан құрылыс компаниясының директоры сотталды

19:26, 4 қараша 2024

© Сурет: Zakon.kz

Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты абайсызда екі адамның өліміне әкеліп соққан құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзғаны (ҚК 277-бабының 3-бөлігі) үшін құрылыс компаниясының директоры М-ға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Сот сотталушы М-ның Астана қаласындағы ғимараттың қоймасын демонтаждау жұмыстарын жүргізу барысында құрылыс жұмыстарын жүргізуге еңбек қатынастарында жоқ адамдарды тартып, учаскедегі және бригаданың Еңбек кодексінде және биіктікте жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету қағидаларында көзделген талаптарды сақтау жағдайын тексермегенін анықтады. Шатырдың опырылуы салдарынан абайсызда 2 адам қаза тапқан.

Сотталушының кінәсі өзінің мойындау айғағымен, куәлардың айғақтарымен, жазатайым оқиғаны тергеу актісімен және қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді.

Сот жасалған қылмыстың мән-жайын және оның ауырлығын, жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлардың болуын және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын, сондай-ақ жәбірленуші тараптың пікірін ескере отырып, М-ны ҚК 277-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танып, 3 жыл мерзімге биіктікте құрылыс-монтаждау жұмыстары саласында басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырды, сондай-ақ 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!