Астанада зейнеткер әйелді алаяқ 16 млн теңгеге алдап соқты

20:55, 6 маусым 2023
126

© Сурет: Zakon.kz

Астанада зейнеткер әйел "полиция ұстады" деген қызына көмектесу үшін қолындағы 16 млн теңгесін алаяққа бере салған, деп хабарлайды Zakon.kz.

Елорда полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жәбірленушіге белгісіз біреулер қоңырау шалып, қызының полицияда екендігін және мәселені шешу үшін шұғыл түрде ақша жіберу керек екенін айтып, одан 16 млн теңге көлемінде ақшаны алдап алған.

Егде жастағы әйел мән-жайды түсінбей, ақша жинай бастаған. Зейнеткер Меккеге қажылық жасау үшін жинаған 16 млн теңгесін санаған. Бірақ қызының қауіпсіздігі маңыздырақ деп ойлап, ақшаны келген адамға берген. Кейін есіне түсіп, қызының жағдайы жақсы екендігін, өзінің алаяқтардың құрбаны болғанын түсінген ол полицияға жүгінген.

Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында курьер ретінде келіп, әйелден ақша алған 26 жастағы ер адам анықталды. Күдікті "курьер" қызметі үшін оған жалпы соманың 10%-ы берілуі керектігін мойындады. Осыған ұқсас арызбен, алаяқтардың құрбаны болған 54 жастағы әйел де полицияға жүгінген. Ұқсас схема бойынша оны белгісіз біреулер алдап, 2 млн 650 мың теңгесін иемденген. Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында 20 жастағы жігіт анықталды. Ол Астана қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды.

"Аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер Астана қаласының ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр" – дейді Астана қаласы ПД КПБ бастығы Дастан Қалиев.

Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға қырағы болуды, оқиғаның мән-жайына толық көз жеткізбестен, бейтаныс адамдарға ақша бермеуді ескертеді. 

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!