Астана шетінде көпқабатты үй салуға неге шектеу қойылды – министрлік түсіндірді

14:07, 5 қазан 2026
MKZ: 1570553

© Фото: Zakon.kz

Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 2026 жылғы 5 қазанда Астананың шеткі аумақтарында көпқабатты үйлер салуға қойылған тыйымға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Редакцияның ресми сауалына берілген жауапта бұл шешім қаланың Бас жоспарына сәйкес елорда аумағының кешенді әрі теңгерімді дамуын қамтамасыз ету мақсатында қабылданғаны айтылған.

"Өзгерістер енгізу қажеттілігі болашақта құрылыс жүргізілетін жекелеген аумақтарды алдымен қажетті қала құрылысы, инженерлік, көлік және әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге байланысты туындады. Осыған орай, бекітілген қала құрылысы құжаттамасы, магистральдық инженерлік желілері және әлеуметтік инфрақұрылым нысандары жоқ жекелеген аумақтарда 2035 жылға дейін көппәтерлі тұрғын үйлер салуға уақытша шектеулер белгіленді", – делінген жауапта.

Сонымен қатар өзгерістер болашақта игерілетін аумақтардағы қала құрылысын реттеу, жүйесіз құрылыс пен жекелеген бос учаскелерге ғимарат салудың алдын алу қажеттілігіне байланысты енгізілген.


"Бұл шаралар қажетті инфрақұрылымсыз тұрғын үйлердің салынуына жол бермей, аумақтарды кезең-кезеңімен әрі кешенді түрде игеруге мүмкіндік береді деп күтілуде. Жалпы, белгіленген шектеулер уақытша сипатқа ие. Олар аталған аумақтардың дамуын тоқтатуға емес, 2035 жылға дейін оларды дәйекті әрі кешенді түрде игеруді қамтамасыз етуге бағытталған", – деп толықтырды Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі.

Бұған дейін Қазақстанда жасанды интеллект құрылыс алаңдарын бақылайтынын жазған едік.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!