Анасы 2 ай бұрын көз жұмған жетімдердің үйін банк тартып алмақ

21:48, 24 тамыз 2020
904

Қызылорда қаласында екі бауырына қамқоршы болып отырған 18 жастағы бойжеткен елден көмек сұрап отыр. Екі ай бұрын Базаркиндар отбасы орны толмас қайғыға душар болған. Балалардың анасы жүрек ауруынан дүниеден озған. Сол уақыттан бері Евгения 16 жастағы сіңілісі мен 2 жасар інісін заң жүзінде өз қамқорына алыпты. Отбасы соңғы 15 жылдан бері апатты үйде тұрып келеді. Бірақ жақын арада бұл баспанадан да айырулары мүмкін, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

"Анамыз бар кезде күшті болды ғой барлығы. Мама жоқ болғаннан кейін бізге қарайтын ешкім жоқ".

Анасының қырық күндік асын өткізген Евгения әлі көз жасын тия алар емес. Жанашырының енді өмірде жоқтығына сенгісі де келмейді. Бұл күнде қарайласатын жақындары да қалмаған. Әкелері бөлек тұрады екен. Тек арасында қыздарына азық-түлік пен ақшалай көмек беретін көрінеді.

Евгения Базаркина, қала тұрғыны:

"Екі айдай болды ғой айырылдық. Мына балалар қалды ғой артында, әкеміз жоқ енді құжат бойынша. Бұл балаларға қарайтын ешкім жоқ. Жалғыз мен ғана 18-ге толып үлгердім. Сол балаларды өзіме опекунство ретінде алдым".

Евгения сіңілісі екеуі колледжде оқиды. Кіріс көзі тек қана екі балаға берілетін 66 мың теңге жәрдемақы. Ол да азық-түліктен арылмайды екен. "Бауырларымды қалай жеткізем" деп басы қатқан бойжеткен, аналарынан қалған екі бөлмелі пәтерді өз аттарына аудара алмай жүргендерін айтады.

Евгения Базаркина, қала тұрғыны:

"Нотариуске барған кезде үйдің арестте тұрғанын білдік. Біз неліктен екенін түсінбедік басында. Бізге бір судисполнительдің номерін берді. Біз соған барып қайттық. Сөйтсек маманың төленбеген кредиті бар екен. Сол кредитті төлемегені үшін үйді арестке қойыпты. Өтйкені үй маманың атында бір-ақ мүлік бар, ол - осы үй. Енді біз өзімізге аудара алмадық".

Базаркиналар тұрып жатқан 24 пәтерлі екі қабатты үйді жергілікті билік аппатты деп таныпты. Мұндағылар құжаттарын жинап, жаңа қонысқа көшпек екен. Ал, жетімдерге бұл бақыт та бұйырмайын деп тұр.

Меруерт Айтимова, көршісі:

"23-і көшуге дайындалып отыр. Тек 24-ші осы марқұм Базаркина Инганың балалары ғана, асыраушылары жоқ, қай жаққа баратындарын білмейді. Өйткені бұлардың үйлері арестте, кредитке. Сол себепті құжаттарын қайтарып әкеліп берген. Ол банкке де олжа. Өйткені бұларды шығарып жібереді де ескі үйдің құжаттарын алып, новый үйге ауыстыра салады".

Марқұм аналарының банкке 330 мың теңге қарызы бар екен. Бұл сомаға сот орындаушылары 130 мың үстемақы қосыпты. Ал кредит дер кезінде төленбегендіктен пәтер арестке қойылған. Балалар жаңа баспанаға құжат тапсыру үшін алдымен баспананың осы мәселесін шешулері керек. Ал, мұндай қаражат оларда мүлдем жоқ.

Евгения Базаркина, қала тұрғыны:

"Өзімді уайымдамаймын, артымдағы інім мен сіңілімді ойлап отырмын. Үйсіз қалсақ соларға обал ғой, маған емес. Акиматтан сұрадық көмек ешнарсе істей алмаймыз дейді, олардан көмек болмаған соң халықтан көмек сұрап отырмыз".


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!