Алматыда ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленді: қатысушылар 16 жылға сотталды, ұйымдастырушысы іздеуде

14:35, 12 ақпан 2026

© Фото: Zakon.kz

Алматыда ұйымдасқан қылмыстық топ аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды заңсыз дайындап, өткізумен айналысқан, деп хабарлайды Zakon.kz.

Олардың заңсыз әрекеті қаланың Медеу ауданы прокуратурасының үйлестіруімен полиция қызметкерлері тарапынан анықталып, тоқтатылды.

"Ұйымдастырушы Алматы қаласындағы жеке тұрғын үйлерде жабдықталған үш жасырын есірткі зертханасының жұмысын қамтамасыз еткен тұрақты қылмыстық топты басқарған. Зертханаларда күн сайын психотроптық заттар дайындалып, кейін өткізуге жіберілген. Жедел-іздестіру шаралары барысында зертханалардың қызметі тоқтатылып, жеті қатысушы ұсталды. Заңсыз айналымнан психотроптық заттар, оның ішінде мефедрон тәркіленді", – деп хабарлады Алматы қаласының прокуратурасы 12 ақпанда.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қорытындысы бойынша ұйымдастырушы халықаралық іздеуге жарияланды.

Қалған қатысушылар сот үкімімен кінәлі деп танылып, 16 жылға бас бостандығынан айырылды.

6 ақпанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Қазақстан өңірлерінде қылмыстық топтарға қарсы ауқымды арнайы операция жүргізгені хабарланған болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!