Алматыда республикалық жас ақындар айтысы өтеді

15:21, 9 қаңтар 2020
1481

Білім мен ғылымның қарашаңырағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде халқымыздың ұлы ақыны, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған дайындық жұмыстары басталып кетті.

Хакімнің мерейтойына орай Қыздар университетінде "Өлең – сөздің патшасы..." атты республикалық жас ақындар айтысы өтеді. Шараға еліміздің жоғары оқу орындарының студенттері қатысады. Айтыс барысында ақындар "Абай – дана, Абай – дара", "Рухани жаңғыру – басты бағдар", "Туған жер тұрған жермен өлшенбейді", "Ана тілім – ардағым", "Тәуелсіздік – тұғырым" тақырыптары бойынша сөз жарыстырады.

– Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған шараның басты мақсаты – жас ақындардың өрнекті сөздері мен өрелі өнері арқылы ел мұраты мен құндылықтарын насихаттау, Абай мұралары арқылы ұлт әдебиетінің табыстарын және тәуелсіздік жылдары қол жеткен жетістіктерді дәріптеу, "Рухани жаңғыру" бағдарламасының маңыздылығын паш ету және айтыс өнері арқылы, келісті де кестелі сөз арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және оның қолданыс аясын кеңейту, – деп атап өтті Қыздар университетінің баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Жандар Асан.

Оның айтуынша, ақын мерейтойы қарсаңында педагогикалық оқу орнында жоспарланған іс-шаралардың барлығы болашақ мамандардың таным деңгейін кеңейтіп, өскелең ұрпақты рухани тұрғыдан дамытуға бағытталған.

Ақындардың өнерін құрамында танымал айтыскерлер, өнер мен мәдениет өкілдерінен құралған қазылар алқасы бағалайды. Олар жыр шеберлерінің әдеби тіл байлығы, дәстүрлі айтыс мақамын үйлестіре қолдана білу, тақырыптан ауытқымай, ұйқас­тыра жеткізу, сахна мәдениеті мен суырыпсалмалық қасиеттерін сарапқа салмақ.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!