Алматыда екі күнде 2 мыңнан астам көлік айыппұл тұрағына қойылды

09:07, 3 сәуір 2026

© Сурет: ҚР ІІМ

Алматы қаласында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін арттыру мақсатында өткізілген "Стоп – бұзушылық" жедел-профилактикалық іс-шарасының аралық қорытындылары жарияланды.

Іс-шараның алғашқы екі күнінде полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 4 828 дерегін анықтады. Рейд барысында қауіпсіздікке тікелей қатер төндіретін өрескел құқық бұзушылықтарға ерекше назар аударылды.

Атап айтқанда, көлік құралын басқару құқығы жоқ азаматтардың көлік жүргізуінің 44 дерегі, сондай-ақ бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған тұлғалардың қайтадан көлік басқарған 8 фактісі тіркелді.

Сонымен қатар жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдалану бойынша 8 дерек және қарсы қозғалыс жолағына шығудың 15 фактісі анықталып, олардың жолы кесілді. Мамандардың айтуынша, мұндай құқық бұзушылықтар ауыр жол-көлік оқиғаларына жиі себеп болады.

Жүргізілген шаралар нәтижесінде 2 мыңнан астам автокөлік, оның ішінде шетелдік тіркеудегі көліктер де, арнайы айыппұл тұрағына қойылды. Қала полициясы күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

Бұл ретте өңірлерден қосымша күштер тартылып, қаладағы негізгі магистральдарда сүзгілік бекеттер ұйымдастырылған. Алматы қаласы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Абдинұр Тасыбаевтың айтуынша, іс-шараның басты мақсаты — құқық бұзушылықтарды анықтаумен қатар, жол-көлік оқиғаларының алдын алу.

"Біз жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін өрескел құқық бұзушылықтарға ерекше мән береміз. Атап айтқанда, жүргізуші куәлігінсіз немесе одан айырылғаннан кейін көлік басқару, қарсы жолаққа шығу, жалған нөмірлерді пайдалану — адам өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіретін әрекеттер. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысымыз қатаң әрі принципті түрде жалғасады", – деді ол.

Полиция өкілдерінің атап өтуінше, профилактика мен жазаның бұлтартпастығы — жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты тетігі.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!