Алматыда арықтан табылған әйелді күйеуі өлтірген

17:15, 12 шілде 2018

Алматыда арықтан табылған 26 жастағы әйел өз күйеуінің қолынан көз жұмған. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне қара жамылған отбасының достары хабарлады.

«Бұл келіншек сол жердегі үйлердің бірінде қарт кісілерді бағатын. Оны күйеуі өлтірді. Бір күн бұрын. Жұмыс істейтін орнын біліп алып, сол адреске барып шақырған. Шыққан кезде өлтіріп тастаған. Әйелді біреулер зорламақ болды деген ой қалыптастырғысы келіп, шешіндіріп кеткен. Анасының айтуынша, қызының тәні көк-ала қойдай екен. Сау тамтығы қалмаған. Әйелді жұмысқа алған адамдардан естігеніміздей, соққыдан әйелдің бір құлағы жыртылып кеткен»,- деді отбасының танысы Валентина Соболева.

Оның айтуынша, әйелдің 6 жастағы ұлы жетім қалды.

«Олар соңғы жылдары ажырасып кеткен. Бірге тұрмайтын. Күйеуі әйелінің артық қылығы болмаса да, қатты қызғанатын. Және баланы алып кетем деп қорқытатын. Марқұм келіншек отбасын асырау үшін қандай жұмыс болсын істеуге тырысатын», - деді ол.

Соңғы жылдары қайтыс болған келіншек анасымен Айгерім шағын ауданындағы жеке үйлердің бірінде пәтер жалдап тұрып келген. Полиция ауладағы камералар арқылы күдіктіні ізін суытпай ұстаған. Ер адам өз кінәсін бірден мойнына алды.

Кісі қолынан көз жұмған келіншекті кеше Қаскелеңдегі туысқандары жер қойнына тапсырды. Қалалық полиция аталған қылмысқа қатысты тергеу құпиясын сақтау мақсатында жақ ашпай отыр.

Айта кету керек, 9 шілде күні әл-Фараби көшесіндегі арықтардың бірінен жас әйелдің денесі табылған болатын.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!