Алматы полициясы хостелдерге ауқымды тексеру жүргізуде: мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды

15:09, 14 сәуір 2026

© Сурет: pixabay

Алматы қаласында хостелдерге, шағын сыйымдылықтағы қонақ үйлерге және шетел азаматтары шоғырланған өзге де орындарға тексеру жүргізуге бағытталған жедел-профилактикалық іс-шара жалғасуда, деп хабарлайды Zakon.kz.

Алматы қаласы ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаевтың айтуынша, аталған шаралар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.

"Тексерулер жүйелі сипатқа ие және ең алдымен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, көші-қон заңнамасын бұзушылықтарды анықтауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған", – деді Тимур Ноғайбаев.

Іс-шара осы жылдың 10–20 сәуірі аралығында өткізілуде.

Бүгінгі күнге дейін 158 хостел және 169 өзге де орналастыру нысаны тексерілді. Сондай-ақ, 149 шетел азаматы тексеруден өтті.

Тексеру нәтижесінде 1 087 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Оның ішінде: көші-қон заңнамасын бұзудың 648 дерегі, шетел азаматтарының болу қағидаларын бұзудың 121 фактісі, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішуге қатысты 169 жағдай, есірткі заттарын тұтынудың 10 дерегі, қоғамдық орындарда мазасыздандырудың 139 жағдайы, 62-і кәмелетке толмағандардың заңсыз (қараусыз/қадағалаусыз) жүру фактілері анықталды.

Бұған дейін Алматыда жаяу жүргіншілер өткелдерін жарықтандырудың жаңа жүйесі сынақтан өткізілуде екенін жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!