Алматы неке қию көрсеткіші бойынша елімізде көш бастап тұр

10:43, 23 қаңтар 2026

© Фото: Zakon.kz

Оңтүстік астанада 2025 жылы 18 мыңнан аса жұп теңін тауып қосылған. Биыл шаңырақ көтерген жас отбасылардың саны 700-ге жуықтаған. Осылай Алматы елімізде неке қию көрсеткіші бойынша көш басында, деп хабарлайды Zakon.kz.

Неке қию рәсімі – әр адамның өміріндегі маңызды әрі жауапты сәттердің бірі. Дәл осы кезден бастап екі жүрек бірге соғып, жас жұбайлар бір мақсат пен бір мүдде жолында қадам жасай бастайды. Almaty.tv телеарнасының ақпаратынша, қазір бұл міндетті атқару айтарлықтай жеңілдей түскен. "Егов" пен екінші деңгейдегі банктердің қосымшасы арқылы жас жұбайлар 15 күн бұрын өтініш тастаса жеткілікті. Ал одан кейін халыққа қызмет көрсету орталықтарына келіп, куәлігін ала алады.

Мамандардың айтуынша, шаһарда бір күнде шамамен 90-ға жуық неке қию рәсімі өтеді. Отау құруға ұмтылғандардың орташа жас мөлшері қалыңдықтар үшін – 28, ал жігіттер үшін – 31 жас екен. Ерекшелік те жоқ емес, әрине. 2025 жылы өтініш тастап, тағдырын тоғыстырғандардың қатарында 80-ді алқымдаған тұрғындар да бар.

"2025 жылы Алматы қаласында 18 445 жұптың некесі қиылды. Бұл шаһардың осы бағытта бірнеше жылдан бері жоғары кеөрсеткішті сақтап келе жатқанын көрсетеді. Оған жүйеде жасалып жатқан өзгерістер де әсер етіп отыр. Бұдан бөлек, маңызды рәсімді салтанатты түрде атқарғандардың да қарасы қалың. Көбі жаз айларында келеді. Осы мезгілде қосылғысы келген жұптардың саны артады", – деді Бостандық ауданы АХАТ бөлімінің басшысы Әйгерім Әбілсейітова

Бұған дейін елімізде қызылшаға шалдыққандар көбейіп жатқанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!