Алматы әкімі заңсыз сауда нысандарына қатысты қатаң шара қабылдауды тапсырды

10:07, 13 мамыр 2026

© Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды заңсыз орнатылған стационарлық емес сауда нысандарын реттеу және қоғамдық тамақтану орындары жанындағы жазғы алаңдардың қызметін жүйелеу мәселелері бойынша арнайы кеңес өткізді.

Қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Берікбол Мәндібаев жүргізілген мониторинг нәтижесінде қала аумағында 1595 заңсыз стационарлық емес сауда нысаны анықталғанын мәлімдеді. Оның 509-ы мемлекеттік жер телімдерінде орналасса, 210 нысан жекеменшік аумақтарда жердің нысаналы мақсатын бұза отырып қойылған.

Сонымен қатар, 876 нысан бекітілген дизайн-код талаптарына сәйкес келмейді. Басқарма басшысының айтуынша, мұндай нысандар жүргіншілер қозғалысына кедергі келтіріп, қаланың сәулеттік келбетіне нұқсан келтіруде әрі тұрғындардың наразылығын тудырып отыр.

Кеңес барысында қала әкімі заңсыз сауда нысандарына қатысты бақылауды күшейтіп, бұл бағыттағы жұмыстар заң талаптарына сай, ашық әрі жүйелі жүргізілуі қажет екенін атап өтті.

"Бұл мәселеде ең алдымен аудан әкімдері жауапты болуы керек. Олар күн сайын аумақтарды аралап, заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтауға міндетті. Жыл басынан бері бар болғаны 157 нысан сүрілген, бұл мегаполис үшін өте төмен көрсеткіш. Инженерлік желілерден ажырату мәселесін қарастырып, полициямен бірлесіп меншік иелерін әкімшілік жауапкершілікке тарту қажет. Заң бәріне бірдей болуы тиіс. Бір ай ішінде нақты нәтиже күтемін", — деді Дархан Сатыбалды.

Қазіргі таңда қалада стационарлық емес сауда нысандарын орналастыруға арналған 142 арнайы орын бекітілген. Жыл соңына дейін олардың санын көбейту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, кеңесте қоғамдық тамақтану орындарының жазғы алаңдарын реттеу мәселесі де талқыланды. Бүгінде мұндай алаңдарды қоғамдық тамақтану орындарының шамамен 30 пайызы пайдаланады.

Алайда қазіргі қолданыстағы талаптар олардың уақытша әрі жеңіл конструкция екенін толық ескермейді. Соның салдарынан келісу рәсімдері күрделеніп, рұқсатсыз орналастыру жағдайы көбейген. Осыған байланысты қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы кәсіпкерлер үшін рәсімдерді жеңілдетуге бағытталған қолданыстағы қағидаларға өзгерістер енгізуді ұсынды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!