Алды 83-те. Мәжілістегі кәрі депутаттарды зейнетке кетіру керек пе

13:24, 6 сәуір 2020

“Қариялар азайып бара жатыр, неменеге жетістің бала батыр”, - деген Мұқағалидің өлең жолдары дәл бүгін еуропалықтар үшін маңызды болып тұр. Коронавирус індеті қарт құрлықтың қарттарын қырып барады. Covid-19 жұқпасынан көз жұмғандардың 90 пайызы егде адамдар. Обалы нешік, Италияда пайғамбар жасын еңсергендерді емдеуден бас тартып жатыр. Себебі таңдау біреу, жасты құтқарамыз ба, кәріні құтқарамыз ба деген дилемма? Бұдан артық қандай трагедия керек.

Осы орайда біздегі жағдай қандай деген ой еріксіз туындайды. Себебі індеттен қайтыс болған үшеудің екеуі 60-тан асқандар. Жұқтырғандар арасында да қариялар жоқ емес. Айтпақшы парламенттегі депуттардың да біразының самайын ақ шалған. Оларға да жан керек.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Ел жаққа барсаң, тұрғындар "ауылда үлкен кісі азайды, қария қалмады" деп мұңайып жатады. Бізде қария, ақсақал деген "соғыс ардагері болуы керек" деген ұғым, көзқарас қалыптасып қалған. Кейде тіпті, "ой, ол кісі 39 жылғы, 42 жылғы, қайдағы қария ол" деп жатады. Ал әлем елдері жер бетінде қарт адамдар көбейді деп қабыл қағуда.

Мұқағали Мақатаев "Қариялар азайып бара жатыр" деп жырласа, БҰҰ қариялар көбейді деп алаңдаулы. Аталған ұйымның есебі бойынша, қарттардың саны 2050 жылға қарай екі есеге артпақ. Қазір жер бетінде 65 жастан асқан 700 миллионнан аса адам бар екен. Қарттарымыздың санын айтпайық, бірақ бізде де бар. Әсіресе, Парламентте егде жастағы біраз депутаттар отыр. Карантинге байланысты Мәжілістегі қарияларымыз енді қашықтан жұмыс істейді.

Мына суретте зейнет жасындағы Мәжіліс депутаттары. Арасында көрерменге таныс әрі бейтаныстары да болуы мүмкін. Алды 83-те. Заң шығарушы органның қабырғасында 30 жылдай жүргендері, хәм отырғандары да бар.

Аты жаман індеттен сақтанып, үйінде отырған халық қалаулысының бірі Владислав Косарев.

Владислав Косарев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

“Біз өзімізді қоғамнан бөлініп қалдық деп есептемейміз. 22 наурыздан бері үйде отырмыз. Мәжілістің екі отырысы бізсіз өтті. Әзірге, шыдай тұруға тура келеді. Бірақ, үйде де қарап отырған жоқпыз. Міне, бір құшақ қағаз заңдарымыз бар. Соны қарап, телефон қарап жатырмын. Қазіргі жағдайға, тәртіпке бағынуымыз керек”.

Сансызбай Мұқанов, зейнеткер:

“Оларды депутаттарды мүлдем кіргізбеу керек. Пенсияға шығару керек. Еңбек сіңірген адамдар. Зейнетақы алып үйде отырсын. Білімдері тасып бара жатса, диалоговый площадкаға келсін”.


70-ке жақындаған Сансызбай Мұқанов коранвирусты жеңу үшін салауатты өмір салтын ұстану керек дейді. Ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен зейнеткер үйде қарап жатпайды. Карантин кезінде интернеттен тіл үйреніп, одан қалса би билеп серігіп алады.

Қариялар үшін алаңдауға негіз бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Еуропада коронавирустан көз жұмғандардың 95 пайызы 60 жастан асқандар екен.

Сансызбай Мұқанов, зейнеткер:

“Ондай сөз естігенде ренжисің. Бірақ, шындыққа келгенде 80-нен асқан адамды құтқаруға мүмкіндік жоқ деп айтады. Ол ғылым ба, статистика ма білмеймін”.

Костюм киіп, сағаттап жиналыста жүретін кейбір мәжілісмендер үшін үйден жұмыс істеу таңсық сияқты. Бірақ, бұл Парламент спикерлерінің қарт депутаттарға қамқорлығы деп қуанып отыр.

Тұрғын Сыздықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

“Бұл туралы көп әңгіме болып жатыр ғой. Ол Үкіметтің бізге жасаған қамқоршылығы деп ойлаймын. Жасы үлкен азаматтар. Кішкене ыңғайсыз сияқты. Үйрену керек. Врачтардың айтқанына, басшылардың ұйғарғанына көніп отырмыз”.


Кейбір елдер әлем мемлекеттерін егде жастағыларды қорғау мен қамқорлықты қамтамасыз ететін жаңа стратегия құруға шақырып отыр.

Айта кетейік, елімізде коронавирустан ең бірінші көз жұмған әйел 64 жаста болатын. Ал аты жаман індетті жұқтырғандар арасында 86 жастағы Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны бар.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!