Алатау қаласына қатысты нормативтік актілерді қабылдау тәртібі жеңілдетілді

17:00, 5 қазан 2026
MKZ: 1570610

© Фото: akorda.kz

Қазақстан Үкіметінің 2026 жылғы 29 қыркүйектегі қаулысымен Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы заңнама құрамына кіретін Қазақстан Республикасының заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерін (НҚА) жеңілдетілген тәртіппен әзірлеу қағидалары бекітілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қағидалар "Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы" Конституциялық заңды және осы салаға қатысты өзге де нормативтік құқықтық актілерді іске асыруға бағытталған. Олар мемлекеттік органдардың құзыреті шегінде Алатау қаласының арнайы құқықтық режимде жұмыс істеуі мен дамуына байланысты мемлекеттік рәсімдер мен өзге де қатынастарды реттейді.

Қағидалар НҚА-ларды әзірлеу, келісу және қабылдаудың жеке тәртібін белгілейді. Бұл ретте құқықтық актілер туралы заңнама мен Үкімет регламенті қағидаларда қарастырылмаған мәселелер бөлігінде қолданылады.

НҚА-ларды әзірлеу, келісу және қабылдау кезінде Алатау қаласының заңнамасымен реттелуге тиіс қызмет түрлеріне қатысты талаптар мен шектеулер белгілеуге жол берілмейді.

Арнайы құқықтық режим туралы заңнамаға кіретін заңға тәуелді НҚА-лар Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне бөлек мемлекеттік есепке қойылады.

Алатау қаласының жұмыс істеуі мен дамуын құқықтық қамтамасыз етуді Үкімет, орталық мемлекеттік органдар, Ұлттық банк, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін өзге де мемлекеттік органдар, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.

НҚА-ларды әзірлеу мерзімі

Алатау қаласы әкімшілігінің тиісті мемлекеттік органдарға жолдаған сұрауы түскен күннен бастап нормативтік құқықтық акт жобасын әзірлеу және қабылдау екі ай ішінде жүзеге асырылады.

Сұрауда НҚА қабылдаудың мақсаты, реттелетін қоғамдық қатынастардың сипаттамасы және жоба мазмұнына қатысты ұсыныстар көрсетілуге тиіс.

Алатау қаласының әкімшілігі өз бетінше әзірлеген жобаны сараптамалық қорытындылар мен келісімдер алу үшін әзірлеуші органға бастапқы нұсқа ретінде ұсына алады.

Егер әкімшіліктің сұрауы Үкіметтің нормативтік қаулысын қабылдауды талап етсе, жобаны әзірлеуді Үкімет басшылығының тапсырмасымен жауапты болып белгіленген мемлекеттік орган қамтамасыз етеді.

Жауапты мемлекеттік орган Үкіметтің нормативтік қаулысының жобасын тапсырма түскен күннен бастап бір ай ішінде енгізеді. Егер тапсырмада бұдан қысқа мерзім белгіленсе, сол мерзім қолданылады.

Қазақ және орыс тілдеріндегі әзірленген жоба Ашық НҚА интернет-порталында кемінде 5 жұмыс күні бойы қоғамдық талқылауға орналастырылады.

Президенттің, Үкіметтің немесе Премьер-министрдің тапсырмалары шеңберінде әзірленетін және орындау мерзімі 30 күнтізбелік күннен аспайтын заңға тәуелді НҚА жобалары үшін қоғамдық талқылау мерзімі 2 күнтізбелік күнге дейін қысқартылады.

Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын жобалар бойынша "Атамекен" ҰКП-ның сараптамалық қорытындысын алу қажет. Ол 5 жұмыс күні ішінде дайындалады. Егер белгіленген мерзімде қорытынды берілмесе, жоба "ескертусіз келісілді" деп есептеледі.

Сонымен қатар НҚА жобаларына ғылыми сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізіледі. Оның мерзімі 5 жұмыс күнінен аспауға тиіс.

Қоғамдық талқылау аяқталғаннан кейін әзірлеуші орган жобаны цифрлық жүйе арқылы мүдделі мемлекеттік органдар мен Алатау қаласының әкімшілігіне келісуге жібереді.

Келісу мерзімі мемлекеттік органдар үшін 5 жұмыс күні, ал Алатау қаласының әкімшілігі үшін 10 жұмыс күніне дейін белгіленген. Егер мемлекеттік орган жобаны 5 жұмыс күнінен артық келісуде ұстаса, ол әдепкі бойынша "келісілді" деп есептеледі.

Қайта келісу жобада ескертулер мен ұсыныстар ескерілген жағдайда 3 жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

Қағидаларға сәйкес, Алатау қаласы әкімшілігінің ұстанымы НҚА қабылданғанға дейін жобаға міндетті қосымша болып табылады.

Үкіметтің нормативтік қаулыларының жобалары Үкімет Аппаратына енгізілгенге дейін Әділет, Қаржы, Ұлттық экономика, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктерімен, сондай-ақ Алатау қаласының әкімшілігімен келісілуге тиіс.

НҚА-ларды тіркеу

Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың НҚА жобалары барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдармен келісілгеннен кейін Әділет министрлігіне алдын ала мемлекеттік заң сараптамасына жіберіледі. Оның мерзімі 5 жұмыс күнінен аспайды.

НҚА-ны жеке-дара қабылдайтын мемлекеттік орган түпкілікті келісілген жобаны 3 жұмыс күнінен кешіктірмей, ал алқалы орган 10 жұмыс күнінен кешіктірмей қабылдауға тиіс.

Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы заңнамаға кіретін НҚА-ны мемлекеттік тіркеу акт Әділет министрлігіне түскеннен кейін 1 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

Қаулы 2026 жылғы 29 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!