«Тамақ пен киімді қоқыс үйіндісінен тапқан»: қазақстандық әйел ата-ана құқығынан айырылды

11:16, 5 қазан 2026
MKZ: 1570516

© Фото: freepik

БҚО кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған соты "Облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылы" КММ-нің 10 жастағы баланың құқықтарын қорғау туралы талабын қанағаттандырды. Осылайша, бала өмір сүруге қауіпті жағдайлардан және анасының қоғамға жат мінез-құлқынан қорғалды.

Істің мән-жайын бүгін, 2026 жылғы 5 қазанда, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының баспасөз қызметі жариялады:

"Бала туғаннан бері қоғамға жат өмір салтын ұстанған анасымен бірге тұрған. Анасы алкогольді ішімдіктерді шамадан тыс ішіп, қараусыз қалған үйді бөгде адамдар тұрақты жиналатын орынға айналдырған. Бала ешқашан мектепке бармаған, оқуды да, жазуды да білмеген. Ал тамақ пен киімді қоқыс үйіндісінен тапқан".

Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның бастамасымен бала арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына үш айға орналастырылған.

"Кейін, 2026 жылы, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы мен білім басқармасының бұйрығы негізінде бала отбасылық үлгідегі балалар ауылының қамқорлығына берілген. Осы уақыт ішінде анасы ұлына бірде-бір рет келмеген, оның тағдырына немқұрайды қараған. Жауапкер сот отырыстарына шақыртуларға да жауап бермеген", – деп хабарлады Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.

Сот талқылауына қатысқан психологтың қорытындысына сәйкес, баланың ауыр психологиялық жарақат алғаны және анасына деген эмоциялық жақындығы толық жоғалғаны анықталған.

"Бала анасының өзін қайтадан қоқыс үйіндісінде тұруға алып кетуінен қауіптеніп, одан қатты қорқады. Ол балалар ауылында тұрғанды ұнататынын, өйткені мұнда төсегі таза, тамағы жақсы екенін айтқан", – делінген Жоғарғы соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Осы мән-жайларды ескерген сот ананың ата-аналық міндеттерін орындаудан қасақана жалтарғанын және өмір салтын өзгертуге ниеті жоқ екенін дәлелденген деп таныды.

"Анасы ата-ана құқығынан айырылды. Одан баланы асырауға алимент өндірілді. Бұл қаражат баланың жеке депозиттік шотына аударылуға тиіс. Баланың мүддесі қорғалды", – деп мәлімдеді Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.

Сот шешімі заңды күшіне енген.

2026 жылғы 2 қазанда Қазақстанда шетелдіктер асырап алған балаларды есепке қою қағидалары өзгергені белгілі болды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!