Ақтөбеде 17 тұрғынды сан соқтырған күдікті анықталды

16:48, 10 шілде 2026

© Фото: Zakon.kz

Ақтөбе қаласы полиция басқармасы 46 жастағы қала тұрғынына қатысты алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.

Тергеу барысында күдіктінің өзіне тиесілі үш бөлмелі пәтерді ауданы кіші пәтерге үстеме ақымен айырбастау туралы хабарландыру жариялағаны анықталды. Осы ұсынысқа қызығушылық танытқан азаматтардан ол үстеме ақы ретінде ақша алып, кейін байланысқа шықпай, келісім бойынша міндеттемелерін орындамаған.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 2025 жылдың соңынан бері күдікті осындай жолмен Ақтөбе қаласының 17 тұрғынын алдаған.

Заңсыз жолмен алған ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша алаяқтық бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Істің барлық мән-жайы анықталып, күдіктінің өзге де осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.

Полиция ескертеді: жылжымайтын мүлікке қатысты мәміле жасау кезінде аса сақ болыңыз. Пәтерге қатысты құжаттар заң талаптарына сәйкес рәсімделіп, мәміле мемлекеттік тіркеуден өткенге дейін ақша бермеңіз.

Жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттарды мұқият тексеріп, нотариус пен білікті мамандардың қызметіне жүгініңіз. Егер алаяқтық белгілерін байқасаңыз, дереу полицияға хабарласыңыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!