«Ақша сұраған». Ақтөбеде спорт мектебі оқушысының өліміне қатысты тың дерек жарияланды

21:59, 15 сәуір 2024

© Сурет: Zakon.kz

Ақтөбеде спорт мектебінің сегізінші сынып оқушысын өзінен жоғары сыныптағы оқушылар ұрып-соққан деген күдікке ілінді. Қазір күдікке ілінген балалар қамауда отыр, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ұлынан айырылған ата-ана жауыздыққа барған жасөспірімдерді де, алғашында қылмысты барынша жасырған білім ошағының басшыларын да қатаң жазалауды сұрайды. Жоқтау айтып жылағанымен, кенже ұлының келмеске кеткеніне ата-анасы көндіккен. Бірақ ажалдың алыстан емес, ұлы оқитын мектеп-интернаттағы жоғары сынып оқушыларынан келгенінен шошынады, деп хабарлайды КТК.

"Мойындадым, менің балам келмейді. Мойындадым. Бірақ мына балалар жазасын алса екен. Жалғыз балалар емес, осы жердегі төменгілерден бастап, жоғарғысына дейін жазаланса екен. Неге бұның үстінен іс қозғамайды? Неге қаралмайды? Неге тәртіп жоқ? Тәртіп жоқ жерде білім бола ма?". Бексұлтанның анасы Зоя Базарбаева

Көз жұмған Бексұлтан Әбубәкір еркін күрестен спорт шебері болған. Егізінің сыңарымен мектеп-интернаттың сегізінші сыныбында оқыған. Төрт күн бұрынғы қайғылы оқиғаның қалай болғанын сол сыңары айтыпты. Жоғары сыныпта оқитындар сегізінші сыныптың он оқушысын бір бөлмеге тізіп қойып ұрып-соққан. Қыршын кеткен оқушының қатты соққыдан қайтқанын сараптама да растады.

"Ұрған. Бір-бір жұдырықпен ұрған, төсінен. Шапалақтаған. Менің балам Бексұлтан шетте тұрған. Есіктің қасында тұрғанда шапалақпен бетінен ұрған кезде, шапалақтан еңкеймей ме, сол кезде Мирлан деген бала, оныншы сыныптағы бала тізесімен ұрған. Тізе тигеннен кейін, бала былай, есікке қарай құлағанда дәліздегі бейнекамераға түсіп қалған".Бексұлтанның әкесі Қайрат Қалназаров

Қайғылы оқиғадан кейін мектептегі әлімжеттікті басқа оқушылар да жарыса айтыпты. Жоғары сыныптағылар күнделікті дөнер алу үшін ақша сұрап, жатақханадағы бөлмелерді де жұдырықтатып жинатады екен. Ал үш күн бұрын ғана әлімжеттік туралы жақ ашпаған білім ошағының директоры енді ол кезде "төбелес болғанын білмедім" деп отыр.

"Бақылаусыз дегенде, түнгі кезекшіліктегі тәрбиеші сол қабатта болған. Бірақ сол балалар сол бөлмеге кіріп кеткенін көрмей қалған. Мұғалімдерге тергеу енді жүріп жатыр. Тәрбиешілері, жаттықтырушылары, орынбасары".Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының директоры Қайрат Әжбағамбетов

Қазір оқушының өліміне қатысты үш бап бойынша іс қозғалған. Тек Бексұлтанды ұрып өлтірген жоғары сынып оқушылары ғана емес, білім ошағының өкілдері де жауапқа тартылатын болады.

"Бұзақылық және денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру деректері бойынша, сондай-ақ спорт мектебінің педагогтары мен басшылықтарының міндеттерін адал атқармау бойынша үш қылмыстық іс тергеуде. Қазіргі таңда күдіктілер ретінде осы мектептің екі тәрбиеленушісі тұтқынға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды". Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов

Есет батыр атындағы спорт мектебінде қазір 300 бала оқиды. Барлығы интернатта жатады. Бірақ оларды кешкілік бақылау тек үш тәрбиешінің мойнында екен. Қайғылы оқиғадан кейін ғана кезекшілер санын көбейтіп жатыр.

Айта кетсек, 12 сәуірде Ақтөбеде спорт мектебінің 8-сынып оқушысы көз жұмғаны хабарланды.

15 сәуірде Ақтөбеде спорт мектебі оқушысының өліміне байланысты үш қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!