Айкөркемнің ісі: Әскери қызметшіге қатысты қылмыстық іс қайта қаралды

15:44, 28 наурыз 2024

© Сурет: freepik

Қазақстан Республикасы Әскери сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған 4 жасар Айкөркемнің өліміне қатысты істі қарады, деп хабарлайды Zakon.kz.

2023 жылдың 15 қарашасында Алматы қаласының бірінші сатыдағы соты сотталушының іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылықтың болмауына байланысты ақтау үкімін шығарды.

Бас әскери прокуратураның наразылығымен іс Астанада қаралып, бірінші инстанциядағыдай "құпия" деген белгімен жабық есік жағдайында қаралды.

"2022 жылғы 7 қаңтарда сағат 19.30 шамасында, сотталушы Ж., блок бекетінде бола тұра, оның қарамағындағы әскери қызметшілерге блок бекетіне жақындап келе жатқан автокөлікке оқ ату туралы заңсыз бұйрық берген. Нәтижесінде, алған оқ жарақаты салдарынан жас бала (2017 ж.т. А.Мелдехан) қайтыс болып, ал, кәмелетке толмағанға (2006 ж.т. Ж.Мелдехан) 5 оқ жарақатынан денсаулығына ауыр зиян келтірілген", - деп хабарлады Жоғарғы сот мәлімдемесінде.

Сотталушының кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдемелермен, яғни жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындылары және заттай дәлелдемелерімен дәлелденді.

ҚР Әскери сотының сот алқасы ақтау үкімінің күшін жойып, жаңа айыптау үкімін шығарды, оған сәйкес ҚК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша Ж. кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айырылып, 7 жылға сотталды.

Сонымен қатар, сот алқасы ҚР Қорғаныс министрінің атына әскери қызметшілердің жол берген заң бұзушылықтары, сондай-ақ оларды жою және одан әрі болдырмау жөнінде шаралар қабылдау үшін қылмыс жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайлар туралы жекеше қаулы шығарды.

Апелляциялық үкім заңды күшіне енді.

2022 жылдың 7 қаңтарында сағат 19.00 шамасында Айкөркем отбасымен бірге азық-түлік сатып алу үшін көлікпен келе жатып, Сейфуллина-Сәтбаев қиылысында оқтың астында қалған. Айкөркем сол жерде көз жұмды, қыздың 15 жастағы әпкесі мен 18 жастағы ағасы жарақат алды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!