1976 жылғы жігіт әйелінің қабырғасын сындырып, баласының басын унитазға батырды

12:33, 10 тамыз 2020
1006

Әйелінің қабырғасын сындырып, баласының басын унитазға батырды. Елімізде тағы бір озбыр әкенің әрекеті әшкере болды. Бұл жолы сұмдық жайт Алматы облысында тіркелген. "Полицияға барсаң, жақындырыңды өлтіремін" деп қоқан-лоқы көрсеткен күйеуінен қорыққан келіншек қорлыққа бір жылдан бері төзіп келген екен. Алайда анасының өміріне алаңдаған балалары әкелеріне өздері шағымданыпты, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Гүлнәр, әжесі:

"Маған немерем телефон арқылы хабарлама жіберді. "Әже, анамның өмірі үшін қорқамын, әкем оны қатты ұрып жатыр деп жазды. Мен бірден полицияға арыздандым. Үйге құзырлы органдармен бірге келдім. Сол кезде көргенім, әлі де көз алдымда тұр. Қызымның үсті қан-қан, балалар жылап жатыр. бұған дейін де талай кешірдік, бірақ шыдамның да шегі бар"

Гүлнар апай қызының басынан өткен сұмдық жайттарды әрең айтып отыр. Адам айтса нанғысыз өйткені. Қызын көк ала қойдай етіп сабағаны өз алдына, немерелеріне де күн көрсетпепті. Екеуі бірінші некеден, тағы екеуін осы ер азаматтан көтерген екен. Өгей ұлын ұрды, екіншісін зорлады, ал өзінің кенже баласын унитазға да батырды дейді әжесі. Тұңғыш немересі ауыр жағдайда ауруханада жатыр екен.

– Баланы қабылдау бөлімінде барлық тексерулер жүргізілді. Балаға мынадай диагноз қойылды. Бас ми жарақаты, бас миының соғылуы. Оң жақ бесінші қабырғаның сынығы, оң жақ көз алмасының контузисы. Бала қазір трамвматологияда жатыр. Жағдайы орташа ауырлықта, – дейді Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Асқар Қалиев.

Бұл отбасыда үнемі ұрыс-керіс болатынын көршілері де растап отыр. Әйелі мен балаларының сыртқа шығып, аулада ойнап, көшеде серуендегенін бір көрмедік дейді.

Көршісі:

"Үйлерінен үнемі айқайлаған дауыстар шығып отырады. Балалар жылап жатса да, тоқтамайды. Терезеден бір күн киім ұшады, енді бірде басқа затты лақтырып жібереді. Әйел мен балаларын әлі көрмедім, соған қарағанда сыртқа шығармайтын сияқты".

Белгілі болғандай, 1976 жылғы ер азамат бұған дейін де сотталып, 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған екен. Сондықтан, "түрмеден қорықпаймын, полицияға арыз жазсаң, өзіңді де, жақындарыңды да өлтіремін" деп қоқан-лоққы көрсетіп келген. Осыған дейін түрлі дене жарақатымен үш рет ауруханаға түсіп, полицияға арызданса да, балаларының өміріне алаңдап, арызын қайта алып кете берген. Соңғы оқиғадан кейін, іс қайта қозғалыпты. Күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Бауыржан Дәркембаев, Іле аудандық ішкі істер басқармасының учаскелік полиция инспекторы:

"Қазіргі уақытта Іле аудандық полиция басқармасында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Кішігірім болса да көмегіміз, тамағын, балаларына ойыншық, көмек алып келіп отырмыз".

Бір жылдан бері күйеуінен зәбір көріп, қорғансыздың күнін кешкен келіншек қазір ауруханада. Оның төрт қабырғасы сынып, бас миы зақымданған. Жағдайы ауыр, бірақ өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Ал балалары әзірге әжесінің қолында.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!