50 жастан кейін жұмыссыз қалған қазақстандықтар не істесе болады

12:35, 12 ақпан 2025

© Сурет: pexels

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылғы 12 ақпанда зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі "Күміс жас" жобасы жайлы еске салды, деп хабарлайды Zakon.kz.

2024 жылы осы жоба шеңберінде 19 199 адам жұмысқа орналастырылды.

"Жұмысқа орналасқандардың ең көп саны Түркістан (2 441 адам), Жамбыл (1 845 адам) және Қарағанды (1 471 адам) облыстарында байқалады",- делінген ақпаратта.

Жобаға қатысатын әйелдердің үлесі 55,2% немесе 10,6 мың адамды, ауыл тұрғындарының үлесі – 11,3 мың адамды немесе 59,1% құрайды.

Бұл жобаға 50 жастан асқан жұмыссыз адамдар зейнеткерлік жасқа толғанға дейін қатыса алады. Жобаға қатысу үшін мансап орталығына өтініш беру қажет.

"Күміс жас" жобасын қаржыландыруды еңбек мобильділігі орталығы жұмыс берушінің жоба шеңберінде жұмысқа орналастырылған жұмыссыздарға еңбекақы төлеуге жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеуге субсидиялар беру жолымен жүзеге асырады. Субсидиялар мөлшері жұмыстың алғашқы жылында жалақы мөлшерінің 70% (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), жұмыстың екінші жылында жалақы мөлшерінің 65% (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), жұмыстың үшінші жылында жалақы мөлшерінің 60% (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын) құрайды",- деп атап өтті министрлік.

"Күміс жас" жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші зейнеткерлік жасқа толмаған адамды кемінде 1 жыл мерзімге тұрақты жұмыс орнына, сондай-ақ зейнеталды жасқа дейінгі адамды зейнетке шыққанға дейін жұмысқа орналастыруға міндетті.

Көптеген қазақстандықтар жоба туралы оң пікір білдіруде. Мысалы, Түркістан облысының тұрғыны Зейнекүл Бүркітбай өз ойымен бөлісті.

"Мен "Күміс жас" жобасы бойынша "Зерде" дәріханасына жұмысқа орналастым. Жұмыс айтарлықтай ауыр емес, еңбекақымызды уақтылы алып жатырмыз. Қазіргі кезде біз сияқты 50 жастан асқан адамдарға жұмыс табу оңай емес. Осындай жобалардың арқасында көптеген азаматтар "екі қолға бір күрек" табуда",- деді ол.

Бұған дейін Конституциялық Соттың Тұрғын үй қатынастары туралы заң нормаларын қайта қараудан бас тартқандығы хабарланған болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!